АҚШ Венесуэладағы байытылған уранды түгел әкетті
RV-1 реакторы 1991 жылға дейін физика және ядролық зерттеулер үшін пайдаланылған.
АҚШ пен оның серіктестері Венесуэладағы RV-1 зерттеу реакторында қалған барлық байытылған уранды әкету жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ Fox News телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл туралы АҚШ Энергетика министрлігіне қарасты Ұлттық ядролық қауіпсіздік басқармасы (NNSA) мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, RV-1 реакторы 1991 жылға дейін физикалық және ядролық зерттеулерге қолданылған. Реактор жұмысы тоқтатылғаннан кейін нысанда 20 пайыздан жоғары деңгейде байытылған шамамен 13,5 келі уран қалған. Мұндай деңгей ядролық қауіпсіздік тұрғысынан аса сезімтал саналады.
Операция Венесуэланың ғылыми зерттеулер институтымен (IVIC) бірлесіп, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) үйлестіруімен жүргізілген. Ядролық материал арнайы контейнерлерге салынып, портқа жеткізілгеннен кейін теңіз арқылы АҚШ-қа жөнелтілген. Мамыр айының басында жүк Оңтүстік Каролина штатындағы Savannah River Site нысанына жеткізіліп, әрі қарай қайта өңдеу және қайта пайдалану жұмыстарына жіберілді.
Каракас билігі ядролық материалды жедел әкету туралы шешім 2026 жылдың қаңтарында IVIC нысаны маңында АҚШ жүргізген әскери операциядан кейін қабылданғанын мәлімдеді. Венесуэла тарапының айтуынша, ескі реактордан шамамен 50 метр жерде өткен бұл операция «қауіп деңгейін объектив түрде арттырған».