АҚШ Венесуэла жағалауында мұнай танкерін басып алды
АҚШ Венесуэла жағалауына жақын халықаралық суларда мұнай танкерін тоқтатып, басып алды. Бұл туралы Reuters агенттігіне АҚШ-тың үш шенеунігі мәлім еткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға АҚШ президенті Дональд Трамптың Венесуэлаға кіріп-шығатын барлық санкцияланған мұнай танкерлеріне «толық блокада» жариялағанынан кейін бірнеше күн өткен соң тіркелді. Шенеуніктердің мәліметінше, операцияда АҚШ Жағалау күзеті жетекші рөл атқарған.
Бұл соңғы апталарда Венесуэла маңында АҚШ күштері тарапынан танкерді екінші рет басып алу жағдайы. Сарапшылар мұны аймақтағы америкалық әскери қатысудың күшеюімен байланыстырады.
Алғашқы танкер тұтқындалғаннан кейін Венесуэла мұнайының экспорты күрт төмендегені хабарланды. Көптеген танкерлер басып алынудан қауіптеніп, ел жағалауындағы сулардан шыға алмай отыр.
Венесуэла президенті Николас Мадуро АҚШ-тың бұл әрекеттері ел билігін құлатуға және Венесуэланың мұнай қорын бақылауға алуға бағытталған деп мәлімдеді.