АҚШ Украинаға ай сайын зымыран беруге келісті: Зеленский не айтты?
Украина президентінің айтуынша, АҚШ-пен Patriot әуе қорғаныс жүйелеріне арналған зымырандарды ай сайын жеткізу жөнінде уағдаластық бар. Алайда Зеленский бұл көлем жеткіліксіз екенін мәлімдеді.
АҚШ Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне арналған тосқауыл зымырандарын ай сайын жеткізіп отырады. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Сербия президенті Александр Вучичпен өткен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Олар бізге ай сайын зымыран бөліп отыра ма? Иә. Бізде мұндай келісім бар, – деді Зеленский.
Алайда Украина президенті нақты қандай зымырандар туралы сөз болып отырғанын, олардың қанша көлемде жеткізілетінін және келісімнің қашан жасалғанын нақтыламады. Сондай-ақ ол берілетін оқ-дәрі бәрібір жеткіліксіз болатынын атап өтті.
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Зеленскийдің мәлімдемесін америкалық Patriot кешендеріне арналған зымырандармен байланыстырды. Украина президенті бұған дейін мұндай зымырандардың тапшылығы туралы бірнеше рет айтқан. Дегенмен бұл жолы ол сөз нақты Patriot жүйесіне арналған зымырандар туралы болып отырғанын тікелей айтпады.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның өзіне де зымырандар қажет екенін мәлімдеген. Ол сондай-ақ Джо Байден әкімшілігі кезінде Украинаға көрсетілген көмектің салдарынан АҚШ-тың оқ-дәрі қоры айтарлықтай азайғанын айтқан.
Зеленский 7 тамыздан бері Сербияда жүр. Бұл – оның Украина президенті қызметіне кіріскеннен кейінгі Сербияға жасаған алғашқы ресми сапары.