АҚШ Тынық мұхитында күдікті кемеге соққы жасады: 4 адам қаза тапты
Бұған дейін әскери күштер сенбіде екі, ал дүйсенбіде тағы бір кемені жойғанын хабарлаған.
АҚШ әскері Тынық мұхитының шығыс бөлігінде есірткі тасымалдаумен айналысты деп күдік келтірілген тағы бір кемеге соққы жасады. Оқиға салдарынан төрт адам қаза тапты. Бұл туралы АҚШ-тың Оңтүстік қолбасшылығы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл соңғы бірнеше күндегі осындай төртінші шабуыл.
АҚШ тарапының мәліметінше, кеме Латын Америкасы маңындағы теңіз аумағында есірткі контрабандасымен айналысқан. Бұл операция шамамен жеті ай бұрын басталған және АҚШ әскері басқа әскери қақтығыстарға қатысып жатқанына қарамастан жалғасып келеді.
Соңғы соққыны қоса алғанда, қыркүйектен бері жүргізілген операциялар барысында қаза тапқандар саны 175 адамға жетті. Сенбі күнгі шабуылдан кейін аман қалған бір адамды іздеу жұмыстары АҚШ жағалау күзеті тарапынан тоқтатылды.
АҚШ Оңтүстік қолбасшылығы әлеуметтік желілерде әуеден түсірілген видеоны жариялады. Онда теңізде тұрған кеме көрсетіліп, кейін оған снаряд тиіп, жарылғаны байқалады. Бұған дейін әскери күштер сенбіде екі, ал дүйсенбіде тағы бір кемені жойғанын хабарлаған.
Ресми мәлімдемеде бұл кеме террористік ұйымдарға тиесілі екені айтылған. Барлау деректері оның есірткі тасымалы жүретін белгілі бағыттармен жүргенін растаған. Шабуыл нәтижесінде төрт адам қаза тапты. АҚШ әскері зардап шеккен жоқ.
Алайда АҚШ билігі бұл кеменің нақты есірткі тасымалдағанына дәлел келтірмегені де айтылуда.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұл елдің Латын Америкасындағы картельдермен "қарулы қақтығыс" жағдайында екенін айтып, мұндай шабуылдарды есірткі ағынын тоқтату үшін қажет деп мәлімдеді.
Сарапшылар болса, бұл әрекеттердің заңдылығы мен тиімділігіне күмән келтіруде. Себебі АҚШ-та өлімге әкелетін негізгі есірткі – фентанил – көбіне Мексика арқылы құрлық жолымен жеткізіледі.