+15

АҚШ-тың мемлекеттік қарызы қор нарығына қалай әсер етіп жатыр

АҚШ-тың мемлекеттік қарызы шекті деңгейге жетіп, ал пайыздық мөлшерлемелердің өсуі қор нарығына қысым түсіріп отыр. Сарапшылар дефолт қаупінен бастап, 2008 жылдағыдай дағдарыс сценарийіне дейін болжам айтып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2025 жылы АҚШ-тың бюджеттік тапшылығы ЖІӨ-нің 7%-ын құрап отыр. Елдің мемлекеттік қарызы 36,1 триллион долларға жетіп, заңмен бекітілген шекті меже толық игерілген.

Goldman Sachs зерттеуіне сәйкес, 10 жылдық облигация кірістілігі 5%-дан асуы мүмкін. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары деңгей. Ал 30 жылдық облигациялар 6%-ға таяп қалды. Бұл өсім – инфляция, фискалдық тұрақсыздық және Федералдық резервтің пайыздық мөлшерлемені төмендетуге асықпауы нәтижесінде туындаған.

“Үлкен әрі әдемі” заң жобасы: экономиканы құтқара ма, әлде тығырыққа тірей ме?

АҚШ Конгресі қазір Трамп ұсынған “Big Beautiful Bill” атты бюджеттік заң жобасын қарауда. Ол бойынша шығындарды қысқарта отырып, салық жеңілдіктері енгізу көзделген. Алайда сарапшылар бұл заң жобасы АҚШ-тың қарызын тағы 4 трлн долларға арттыруы мүмкін деп алаңдаулы.

Tesla басшысы Илон Маск бұл құжатты “жиіркенішті сұмдық” деп атап, қарсылық білдірді.

Облигация нарығындағы қысым қор нарығына қалай әсер етіп жатыр?

Пайыздық мөлшерлемелердің артуы акциялар нарығына екі түрлі әсер етуі мүмкін:

  • Егер бұл өсім экономикалық өсіммен қатар жүрсе, акциялар да жоғарылайды;
  • Ал фискалдық қысым немесе қарыз қорқынышынан болса — акциялар құлдырайды.

Goldman Sachs сарапшылары бұл жолы екінші сценарий іске асып жатқанын айтады. S&P 500 индексі келесі 12 айда 10%-ға өседі деген болжам бар. Алайда пайыздық мөлшерлеме 1 пайыздық пунктке артса, бұл өсім 7%-ға дейін тежелуі мүмкін.

Bridgewater инвестициялық қорының негізін қалаушы Рэй Далио АҚШ шілде-тамыз айларында қарыз міндеттемелерін орындай алмай қалуы мүмкін екенін айтты.

Біз шешуші нүктеге жеттік. Егер дұрыс әрекет жасалмаса, бұл рецессиядан да жаман сценарийге алып келуі мүмкін, – дейді ол.

Бүгінде АҚШ Қаржы министрлігі мемлекеттік міндеттемелерді орындау үшін «балама тәсілдерді» қолданып отыр. Егер Конгресс тамызға дейін қарыз шегін көтермесе, үкімет жұмысын уақытша тоқтатуы ықтимал.

Нарықтағы әсері қандай болады?

  • Егер ірі елдер АҚШ облигацияларынан бас тартса, бұл жаһандық қаржы нарығын шайқалтуы мүмкін;
  • Пайыздық мөлшерлеменің өсуі шағын компаниялар мен жаңа стартаптардың өміршеңдігін төмендетеді;
  • Жаңа қарыз алу қиындап, инвестициялық тәуекелдер артады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: pixabay.com
Өзгелердің жаңалығы