2 Қыркүйек 2026, 07:04 Фото: pixabay

АҚШ-тың Иранға жаңа соққыларынан кейін мұнай бағасы күрт өсті

Сауда-саттық мәліметтеріне сәйкес, WTI маркалы мұнайдың бағасы 5,2 пайызға өсіп, барреліне 90,22 долларға жетті. Бұл — 23 шілдеден бергі ең жоғары жабылу бағасы.

Әлемдік мұнай бағасы сейсенбі күні АҚШ-тың Ирандағы нысандарға жаңа соққылар жасауы және АҚШ президенті Дональд Трамптың Тегеранға қатаң ескертуінен кейін күрт қымбаттады.

Сауда-саттық мәліметтеріне сәйкес, WTI маркалы мұнайдың бағасы 5,2 пайызға өсіп, барреліне 90,22 долларға жетті. Бұл — 23 шілдеден бергі ең жоғары жабылу бағасы.

Ал Brent маркалы мұнай 4,6 пайызға қымбаттап, барреліне 94,65 доллар болды.

Бұған дейін сейсенбі күні АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) америкалық әскери күштердің Ирандағы Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) нысандарына соққы бере бастағанын хабарлаған.

ИРСК өкілі Хоссейн Мохеби АҚШ-ты жаңа шабуылдары үшін қатаң жазалау күтіп тұрғанын айтып, Вашингтонның бұл әрекетіне өкінетінін мәлімдеді.

Өз кезегінде Дональд Трамп Иран АҚШ әскери күштерінің әрекетіне жауап берсе, Тегеранға бұдан да ауқымды соққы жасалатынын ескертті.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, шабуылдар Иранның оңтүстік жағалауындағы бірнеше нысанаға бағытталған. Олардың қатарында Бендер-Аббас қаласындағы әскери база, Кешм аралындағы нысан, сондай-ақ Сирик пен Жаск елді мекендеріндегі нысандар бар.

Айта кетейік, 30 тамызда АҚШ Ормуз бұғазындағы Ларак аралында орналасқан Иранның екі зымыран қондырғысына соққы берген. Бұл шілде айының соңынан бергі АҚШ-тың Иранға жасаған алғашқы соққысы болды. Бұған жауап ретінде Иран дүйсенбі күні Иорданиядағы америкалық әскери нысандарға кемінде сегіз баллистикалық зымыран ұшырған.