АҚШ-тың Газа жөніндегі бейбіт жоспары: тараптар Египетте келіссөз бастады
Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласында Израиль мен ХАМАС арасында АҚШ ұсынған Газа секторындағы соғысты тоқтату жоспарына қатысты жанама келіссөздер басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Палестина және Египет өкілдерінің хабарлауынша, келіссөздер кепілге алынған израильдіктерді босату мен палестиналық тұтқындарды айырбастау мәселелеріне бағытталған.
ХАМАС АҚШ президенті Дональд Трамптың 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспарының кейбір тұстарын қолдайтынын мәлімдегенімен, қарусыздану және Газа секторын басқару мәселелерінде нақты шешімге келген жоқ.
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху алдағы күндері кепілге алынғандарды босату жөнінде келісімге қол жеткізуге үміт білдірді.
Келіссөздерге АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф, Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер және Катар сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани қатысуда.
АҚШ ұсынған бейбіт жоспардың бірінші кезеңі 48 кепілді босатуды және Газаға гуманитарлық көмекті дереу жеткізуді көздейді. Сондай-ақ, құжатта ХАМАС-тың аймақты басқаруға қатыспайтыны және Палестина мемлекетінің құрылу мүмкіндігі қарастырылған.
Алайда Нетаньяху бұл жоспарға күмәнмен қарап, "Израиль Палестина мемлекетінің құрылуына үзілді-кесілді қарсы" екенін мәлімдеді.
ХАМАС өз кезегінде Трамптың айырбас формуласына сәйкес "барлық израильдік тұтқындарды – тірі және қаза тапқандарды – босатуға дайын" екенін айтты, бірақ қарусыздану туралы шартқа тікелей келісім берген жоқ.
Келіссөздер ХАМАС-тың 2023 жылғы 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуылының екі жылдығы қарсаңында өтіп жатыр. Бұл шабуыл кезінде 1200 адам қаза тауып, 251 адам кепілге алынған болатын.
БҰҰ деректері бойынша, Израильдің қарсы әскери операциялары салдарынан Газа секторында 67 мыңнан астам адам қаза тапты.
Израиль тарапы әлі де операцияларды жалғастырып, кепілге алынғандарды босатуға бағытталған шаралар жүргізіп жатыр. Ал ХАМАС бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігі соңғы тәулікте 21 палестиналықтың қаза тауып, 96 адамның жараланғанын хабарлады.