АҚШ-тың ескі һәм жаңа президенті Дональд Трамптың саяси ұстанымы қандай?

Бүгін АҚШ-та Дональд Трамп сайлауда жеңіске жетіп, АҚШ-тың 47-президенті атанды. BAQ.KZ тілшісі сайлауда жеңімпаз атанған көшбасшының өмірі туралы қызықты фактілерді жинады.

Дональд Трамп 1946 жылы 14 маусымда Нью-Йорк қаласында дүниеге келді. Трамптың әкесі Фред Трамп Нью-Йоркте жылжымайтын мүлік саласында жұмыс істеген. Дональд Трамп та әкесінің ізін қуып, жас кезінен сауда-саттыққа қызығушылық танытады. Ол Пенсильвания университетінің Уортон бизнес мектебін бітіріп, әкесінің жылжымайтын мүлік бизнесін басқаруды қолға алады. 1968 жылы сол университетте бакалавр дәрежесін алды. Трамп студенттік өмірінде саясатқа араласпаған. Ол отбасылық бизнеске көңіл бөліп, жылжымайтын мүлік саласында тәжірибесін шыңдаған.

Трамп мансабы өсе келе бизнес саласында аса танымал адамға айналды. Көптеген қонақүйлер, казинолар мен тұрғын үй кешендерін салуға үлес қосты. Оның ең танымал активтерінің бірі — Нью-Йорктегі Trump Tower ғимараты.

Бірнеше рет банкрот болған

Трамп бизнесте бірнеше рет банкрот атанған. Оның жылжымайтын мүлік, казино және ойын-сауық индустриясындағы кейбір жобалары сәтсіздікке ұшырап, ол 6 реттен көп банкрот етіп жариялаған.

Фото: GETTY IMAGES. Дональд Трамп 1976 жыл

Саясатқа араласпаған адам

Трамп алғашында саясатқа ешқандай қатысы жоқ кәсіпкер еді. Оның кәсібі жылжымайтын мүлік саласына шоғырланды. Саяси мансабын 1990 жылдары бастағанымен, идеяларын тек 2016 жылдан бастап жүзеге асыра бастады.

Әскерге бармаған

Сондай-ақ Трамп студент кезінде денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен босатылған. Мұның арқасында ол Вьетнам соғысына қатыспаған.

Фото: Дональд Трамптың Нью-Йорктегі әскери академиясында оқып жүрген кезі

Саясаткер 2016 жылы Республикалық партиядан президенттікке үміткер болды. Ол сайлауда жеңіске жетіп, 2017 жылы АҚШ президенті қызметіне кірісті. Президенттік кезеңінде ол экономикалық реформаларды жүзеге асырды, салықтарды төмендетті, сондай-ақ халықаралық қатынастарда ерекше белсенділік танытты. Қытаймен сауда соғысын бастап, Иран мен Солтүстік Корея сияқты елдерге қатысты саясатты қатаңдатты. COVID-19 пандемиясы кезінде даулы шешімдер қабылдағаны үшін сынға ұшырады.

2020 жылғы президенттік сайлауда Трамп қайтадан қатысып, қарсыласы Джо Байденнен жеңіліс тапты. Дегенмен, сайлаудың нәтижелері туралы көптеген күмәнді мәлімдемелер жасады және дауыс санау процестеріне қатысты заңды шағымдар берді. Ал бүгінгі таңда Трамп қайта президент атанып, саяси сахнаға оралып отыр.

Трамп қандай даулы мәлімдемелер жасаған?

Мексика мен АҚШ шекарасына қорған тұрғызу идеясы

Трамп заңсыз иммиграцияға қарсы тұру үшін АҚШ-Мексика шекарасында қорған салуды уәде етіп, президент болғаннан кейін осы жобаны қолға алды. Бұл бастама АҚШ-та және әлемде үлкен сынға қалды. Өйткені оған миллиардтаған доллар қаржы қажет еді және кейбір заңсыз мигранттар үшін гуманитарлық мәселелер туындатты.

Мұсылман елдерінен келетіндерге тыйым салды

Трамп 2017 жылы бірнеше мұсылман елінен келетін мигранттарға уақытша тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Бұл шешім “Мұсылман тыйымы” деп аталды. Көптеген адам бұл шешімді дискриминация деп таныды. Жарлықты қолдағандар да табылды, енді бірі мұсылман қауымын кемсіту деп сынады.

Таяу-Шығыстағы жағдайды шиеленістірді

2015 жылы қол қойылған Иранмен ядролық келісімге (JCPOA) сәйкес, Иран өзінің ядролық бағдарламасын шектеп, халықаралық санкциялардан босатылды. Бірақ Трамп 2018 жылы бұл келісімнен шығып, Иранға қайта санкциялар салды. Бұл қадамды қолдаушылар Трамптың Иранның қаупін төмендетуге тырысқанын айтты, ал қарсыластар оны Таяу Шығыстағы жағдайды одан сайын шиеленістірді деп санады.

Климат жөніндегі Париж келісімінен шықты

2017 жылы Трамп АҚШ-тың Париж климат келісімінен шығатынын мәлімдеді. Бұл халықаралық келісім жаһандық жылынумен күресуге бағытталған еді. Трамп қоршаған орта мәселелеріне көзқарасы үшін сынға ұшырады. Келісімнен шығу шешімін қолдағандар бұл қадамды АҚШ экономикасын қорғау мақсатында жасалған деп түсіндірді.

Биыл қандай сайлауалды бағдарлама ұсынды?

Дональд Трамптың АҚШ-қа миграция, экономика, сыртқы саясат және денсаулық сақтау салаларында күрделі реформалар мен шектеулер енгізуді көздеп отыр.

Экономикалық саясат тұрғысынан Трамп "Америкаға қайтару тарифтерін" енгізуді ұсынады, яғни шетелдік тауарларға қосымша 10-20% мөлшерінде салық енгізуді көздейді. Бұл шара импорт көлемін азайту арқылы отандық өндірісті қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, Трамп Қытай тауарларына арналған ерекше тарифтерді және АҚШ компанияларының Қытайда инвестиция жасауына толық тыйым салуды жоспарлап отыр.

Сыртқы саясат бағытында Трамп Қытайға қатысты қатаң саясат ұстанып, олардың экономикалық және саяси ықпалына қарсы тұруға басымдық береді. Бұдан бөлек, ол шекараны қорғауды күшейтіп, Мексикамен есірткі тасымалдаушыларды тоқтату мақсатында кеңейтілген әскери және құқық қорғау шараларын жүзеге асыруды жоспарлайды.

Трамп тағы жеңіске жетті

Fox News арнасының мәліметінше, АҚШ-тағы президент сайлауында Республикалық партияның өкілі Дональд Трамп таңдаушылардың 277 дауысын жинады. Ал Демократиялық партияның өкілі Камала Харрис әзірге 226 дауыс жинады.

ВВС дерегінше, Дональд Трамптың Флоридадағы штаб-пәтерінде Республикалық партия кандидатының жақтастары жеңісті тойлауды бастап кеткен. Жақын арада Трамптың өзі де халық алдына шығып, сөз сөйлейді.

Бұл - Американың ұлы жеңісі! Бұл жеңісіміз Американы тағы да ұлы етуге мүмкіндік береді, - деді Трамп.

@netclipsy This is the reason Donald Trump will get into power 🇺🇸 💪 #donaldtrump #trump #ymca #dancing ♬ YMCA - Village People

Трамп жақтастарына арнаған сөзінде Американың алдағы "алтын ғасырына" жол ашылатынын уәде етті.

Мен сіздер үшін күн сайын күресемін. Біздің балаларымыз бен сіздер лайықты тыныш және гүлденген Американы құру үшін тынымсыз еңбек етемін. Бұл біздің жаңа алтын дәуіріміз болады, - деді Трамп.

Еске сала кетейік, АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жетті. Әлемдік көшбасшылар Дональд Трампты АҚШ Президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтап жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы