АҚШ-тың ЕҚЫҰ жанындағы миссиясы Қазақстандағы қаңтар оқиғасына қатысты мәлімдеме жасады

Алматы, BAQ.KZ. АҚШ-тың ЕҚЫҰ жанындағы миссиясы 2022 жылғы 20 қаңтарда Венада өткен Ұйымның Тұрақты кеңесінің отырысында Қазақстандағы жағдайға қатысты мәлімдемесін жариялады.

АҚШ-тың ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілі, елші Майкл Карпентер қаңтар оқиғасында адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстан халқына көңіл айта отырып, Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігіне айнымас қолдау көрсететінін атап өтті.

Біз Қазақстан халқының төзімділігі мен оның конституциялық құрылымының тұрақтылығына және дағдарыстан шыға алатынына сенеміз,-деп атап өтті америкалық дипломат.

М.Карпентер АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Э.Блинкеннің сөздеріне сүйене отырып, Вашингтонның Қазақстанмен әріптестігін және Президент Қ.Тоқаев ұсынған реформаларды қолдайтынын тағы да растады.

М.Карпентер Қазақстан билігін тергеудің ашықтығын және қажетті заңды рәсімдердің сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ бейбіт наразылық білдіргендер мен зорлық-зомбылық пен тонауға қатысушыларды ажырата отырып, ұсталғандардың барлық санаттары үшін тиісті процесті қамтамасыз етуге шақырды. Оған қоса билік пен азаматтық қоғам арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар, азаматтардың бейбіт жиындарды еркін әрі талабын бейбіт түрде білдіруін, БАҚ бостандығын құрметтеу мен қолдауды қамтамасыз ету маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Президент Қ.Тоқаевтың 11 қаңтардағы халыққа сөйлеген сөзінде атап өтілгендей, біз Қазақстанмен маңызды экономикалық, саяси, білім беру және экологиялық мәселелер бойынша әріптестігімізді жалғастыруды асыға күтеміз,-деп атап өтті АҚШ елшісі. Оның айтуынша, ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы кеңсесінде қоғамның тұрақтылығын нығайту және реформаларды ілгерілетуге көмектесетін пайдалы құралдар бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы