АҚШ-тың экс-президенттері Трамптың сaясатын сынады
Соңғы екі апта ішінде АҚШ-тың бұрынғы үш президенті — Билл Клинтон, Барак Обама және Джо Байден — қазіргі президент Дональд Трамптың саясатына қатысты бұрын-соңды болмаған ашық сын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мұндай жағдай АҚШ саяси тарихында өте сирек кездеседі.
Әдетте АҚШ-тың бұрынғы президенттері өзінен кейінгі басшыларды жария түрде сынаудан тартынатын. Алайда бұл жолы Обама, Байден және Клинтон Трамптың атын тікелей атамағанымен, олардың айтқан сөздері нақты бағытталған және анық сипатқа ие болды. Бүгінде тірі қалған экс-президенттердің ішінде тек Джордж Буш-кіші ғана ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Дегенмен оның Трампқа деген теріс көзқарасы бұрыннан белгілі.
3 сәуір күні Нью-Йорк штатындағы Гамильтон колледжінде сөйлеген сөзінде Барак Обама Трамптың университеттер мен білім беру мекемелеріне қысым көрсетіп жатқанын сынап, бұл әрекеттерге қарсы тұруға шақырды.
Бұны дұрыстау – біздің міндетіміз. Біреудің келіп, бәрін шешіп беретінін күтудің қажеті жоқ, – деді Обама.
Джо Байден қызметінен кеткеннен кейін алғаш рет көпшілікке үн қатып, 16 сәуір күні миллиардер Илон Масктың әлеуметтік қамсыздандыруды қысқарту әрекетін сынады. Оның айтуынша, қазіргі әкімшілік 100 күн толмай жатып-ақ үлкен зиян келтірген.
100 күн ішінде бұл әкімшілік соншалықты көп қирату мен зиян келтірді, – деді Байден.
19 сәуірде Билл Клинтон қоғамдағы қорлау мен үстемдік етуге ұмтылу үрдісін сынға алды.
Біз кімнің сөзі маңыздырақ, кімнің шындығы шын деген таласты қойып, өзара түсіністікке келуіміз керек. Егер қоғамда өзгеше ойлайтындарға үстемдік етуге ұмтылу басым болса, бұл АҚШ-тың 250 жылдық даму жолын қатерге тігеді, – деді ол.
Сарапшылар бұл жағдайды АҚШ-тың бейбіт билік ауысуы мен “елде бір ғана президент болады” деген қағидасына қайшы деп бағалап отыр. Колумбия университетінің халықаралық қатынастар саласындағы тарихшысы Тимоти Нафталидің айтуынша, бұл сын алғашқы 100 күн ішінде айтылғаны – ерекше жағдай.
Көп жағдайда экс-президенттер жаңа сайланған басшыға бейімделуге және саясатты меңгеруге уақыт береді. Бірақ бұл жолы олар Трамптың өзгеріс әкелетін бағытын ерте байқап отыр, – деді ол.