АҚШ-тың бес ірі ІТ компаниясы акционерлерге төленетін қаржыны қысқартты
Аталған бес компанияның операциялық ақша ағыны 29 пайызға өсіп, 542,9 миллиард долларға жеткен.
Жасанды интеллект саласына жұмсалатын шығындардың артуы АҚШ-тың ірі технологиялық компанияларының акционерлерге қайтаратын қаражатын соңғы 15 жылдағы ең төменгі деңгейге түсірді.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Microsoft, Alphabet, Amazon, Meta және Oracle компаниялары 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында операциялық ақша ағынының небәрі 9,3 пайызын дивидендтер мен акцияларды кері сатып алуға жұмсаған. Былтыр бұл көрсеткіш 27,4 пайыз болған.
Аталған бес компанияның операциялық ақша ағыны 29 пайызға өсіп, 542,9 миллиард долларға жеткен. Алайда жасанды интеллект инфрақұрылымына бағытталған күрделі шығындар екі есеге артып, 556,9 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіш 2011 жылдан бері алғаш рет компаниялардың операциялық қызметтен түскен қаражатынан асып отыр.
Шығындардың өсуі акцияларды кері сатып алу көлеміне әсер етті. Компаниялар бұл мақсатқа бөлінетін қаржыны бір жыл бұрынғы 81,8 миллиард доллардан 13,6 миллиард долларға дейін, яғни 83 пайызға қысқартқан. Ал дивидендтік төлемдер 33,9 миллиард доллардан 37 миллиард долларға дейін өскен.
Сарапшылардың пікірінше, енді инвесторлар компаниялардың акцияларды сатып алу арқылы табыстылықты арттыруына емес, жасанды интеллектке салынған инвестициялардың нақты пайда әкелуіне көбірек тәуелді болады. Amazon биыл күрделі шығындарын шамамен 220 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Өзге компаниялар да инвестиция көлемін ұлғайтатынын мәлімдеген.