АҚШ-тың баж салығы ел бюджетін толтырудың басты көзіне айналуы мүмкін – Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа енгізілген баж салығынан түсетін кіріс ел үшін соншалықты жоғары болуы мүмкін екенін мәлімдеді, бұл табыс салығын толығымен алмастыруға жеткілікті. Бұл туралы ол Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мен бұл туралы барлық қаржылық данышпандармен сөйлестім. Баж салығынан түсетін кіріс өте үлкен болуы мүмкін, тіпті салықтың өзін алмастыра алады, - деді Трамп.

Ол сондай-ақ АҚШ тарихында, 1870 жылдан 1913 жылға дейін баж алымдары елдің негізгі табыс көзі болғанын еске салды.

Сол кезеңде Америка ең бай ел болды. Біз экономикалық тұрғыда көш бастадық, - деп атап өтті ол.

Еске сала кетейік, 2 сәуірде Трамп импорттық тауарларға 10% базалық баж салығын енгізген еді. Еуропалық Одақ үшін бұл көрсеткіш 20%-ға, Қытай үшін 34%-ға дейін артты. Бұған жауап ретінде Қытай да АҚШ өнімдеріне баж салығын 84%-ға дейін өсірді.

9 сәуірде Трамп кейбір елдерге енгізілген баж салығын 90 күнге тоқтатып, Қытайға салынатын баж салығы 125%-ға дейін көтерілетінін айтты. 10 сәуірде бұл көрсеткіш 145%-ға жетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: AP Photo / Carl Court
Өзгелердің жаңалығы