АҚШ тауарларына бойкот: Канада дүкендері жаңа жеткізушілер іздеп жатыр
«Канадалық өнімді сатып ал» қозғалысы АҚШ пен Канада арасындағы сауда шиеленісі аясында күшейген.
Канадада тұтынушылардың америкалық тауарлардан бас тартып, жергілікті өнімдерді таңдауы супермаркеттерді жеткізу тізбегін өзгертуге мәжбүрлеп жатыр. Сауда желілері АҚШ-қа тәуелділікті азайтып, басқа елдерден тауар жеткізуді арттыра бастады, деп хабарлайды Reuters.
«Канадалық өнімді сатып ал» қозғалысы АҚШ пен Канада арасындағы сауда шиеленісі аясында күшейген. Нәтижесінде дүкендер тауарлардың шыққан елін анық көрсетіп, жергілікті өнімдерге басымдық бере бастады.
Мәселен, Онтариодағы Vince's Market дүкендеріндегі өнімдердің шамамен 90 пайызы қазір канадалық. Бұған дейін АҚШ-тан жеткізілген құлпынай енді Квебектен сатып алынады.
«Бұрын сапа мен бағаның арасынан таңдайтынбыз. Енді оған өнімнің шыққан елі де қосылды», – деді компания басшысы Джанкарло Тримарчи.
Канаданың ірі сауда желілері де жергілікті тауарларды арнайы белгілермен ерекшелей бастады. Сарапшылар бұл үрдіс тұтынушылардың көзқарасында ұзақмерзімді өзгеріс болғанын көрсететінін айтады.
АҚШ әлі де Канаданың жаңа піскен көкөністер импортының негізгі көзі болып отыр. Алайда оның үлесі төмендеген. Шілдеде АҚШ-тың Канадаға импортталатын көкөністердегі үлесі 62,6 пайызды құрады. 2023 жылдың осы кезеңінде көрсеткіш 69 пайыз болған.
Сонымен қатар канадалық дүкендер жеткізушілер географиясын кеңейтіп, Марокко, Оңтүстік Африка, Испания, Бразилия және Гондурас секілді елдерден өнім алуға көшіп жатыр.
«Ешкім бұрынғы америкалық жеткізу тізбегіне толығымен оралмайды. Жаңа жеткізу арналары қалыптасқаннан кейін жүйе әлдеқайда әртараптандырылады», – деді Mike Dean Local Grocer иесі Гордон Дин.
Канада билігі ішкі азық-түлік өндірісін ұлғайтуға да инвестиция салмақ. Алдағы он жылда жылыжайлар мен басқа да өндірістік инфрақұрылымды дамытуға шамамен 3 млрд канадалық доллар бағыттау жоспарланған.
Сарапшылардың пікірінше, АҚШ пен Канада арасындағы саяси қарым-қатынас жақсарған жағдайда америкалық тауарлардың нарықтағы үлесі қайта өсуі мүмкін. Дегенмен қазіргі сауда дауы канадалық бөлшек сауданың жеткізу тізбегін әртараптандыру үдерісін жеделдетіп отыр.