АҚШ тарифтері нақты қандай экспортқа әсер ететіні айтылды

Сауда және интеграция министрлігі АҚШ тарапынан енгізілген қосымша тарифтерге қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан бұл мәселе бойынша келіссөздерді жалғастырып жатыр. 2025 жылдың маусымында министрлік өкілдері АҚШ-пен екіжақты кездесу өткізген.

Қазақстан АҚШ-қа өзара тиімді сауда ынтымақтастығын дамыту, тауар жеткізу тізбектерін тұрақты сақтау және нарыққа әділ қол жеткізу шарттарын қамтамасыз ету мәселелерін қамтитын ресми ұсыныс жолдады. Бұл ұсыныс АҚШ Президенті Д. Трамптың 2025 жылғы 2 сәуірдегі Жарлығы мен оған енгізілген кейінгі өзгерістерді ескере отырып әзірленген, – делінген түсініктемеде.

Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық қатынастар бойынша кеңейтілген екіжақты диалог аясында ұсынылған бастамаларды жан-жақты қарап жатыр. Министрлік Қазақстан тарапы сындарлы ынтымақтастыққа бейіл екенін атап өтті. Қарсы тарап та келіссөздерді жалғастыруға ашық екенін білдірген.

Бұл өз кезегінде өзара тиімді әрі екі елдің мүдделеріне сай келетін шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.

Министрлік дерегінше, енгізілген тариф шаралары АҚШ-қа Қазақстаннан жеткізілетін жалпы экспорт көлемінің небәрі 4,8%-ына ғана әсер етеді. Қалған 95,2%-ы жаңа кедендік баждан тыс.

Қазір Қазақстан АҚШ-қа мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар, тантал, титан, бериллий және өзге де өнім түрлерін экспорттап отыр. Бұл өнімдердің көбі жаңа тарифтік реттеуге жатпайды және шектеусіз экспортталады.

Ал жаңа тарифтер сары фосфор, ферросилиций, линзалар, бидай глютені және аммоний нитратына әсер етеді.

2025 жылдың алғашқы жартысында АҚШ-қа:

• сары фосфор – 2,2 мың тонна (жалпы өндіріс – 43 мың тонна);
• ферросилиций – 1 482,6 тонна (жалпы өндіріс – 41 830,1 тонна);
• бидай глютені – 6 500 тонна (8,12 млн АҚШ доллары көлемінде) жөнелтілген.

Аммоний нитраты бойынша биыл АҚШ-қа экспорт жоспарланбаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы