+19

АҚШ тарифтері: кім ұтады, кім ұтылады?

АҚШ пен Қытайдың 12 мамырда жариялаған бірлескен мәлімдемесінен кейін әлемдік қауымдастық тариф соғысына уақытша тыныштық орнағандай қарағанымен, оның астарында дамушы елдер үшін терең проблемалар жасырын жатыр. Әсіресе, ең осал мемлекеттер бұл саясаттың кері әсерін қатты сезініп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) жариялаған жаңа есепте АҚШ-тың жақында енгізген жаңа импорттық тарифтері дамушы елдердің экспортына орасан салмақ түсіріп, жаһандық сауда құрылымын өзгертуі мүмкін екені айтылған. Бұл әсіресе ең аз дамыған және шағын арал мемлекеттері секілді әлсіз экономикаларға ауыр соққы болып отыр, – деп жазды шетелдік сарапшы, журналист Мұхаммед Замир Ассади UNCTAD деректері негізінде.

UNCTAD басшысы Ребекка Гринспанның айтуынша, ең кедей мемлекеттерге тарифтік жеңілдіктер жасалуы тиіс, себебі олардың АҚШ-тың сауда тапшылығына үлесі тым аз – небары 2%-дан төмен. Мәселен, Мадагаскардың АҚШ-қа басты экспорты – ваниль, алайда бұл елдің үлесі соншалықты аз, ресми есептерде де көрсетілмейді.

UNCTAD деректеріне сәйкес, бұл осал экономикалар АҚШ-қа жалпы импорттың аз ғана бөлігін құрайды және елдің сауда тапшылығына бар болғаны 0,3% ғана үлес қосады.

Жаңа тарифтер – ауыр жүк

2025 жылғы шілдеден бастап АҚШ 22 дамушы елге, оның ішінде жеті ең аз дамыған мемлекетке 25%-дан асатын тарифтер енгізуі мүмкін. Бұл – бұрынғы сауда келісімдері мен Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелеріне қарама-қайшы қадам.

Есепте Азия мен Мұхит аймағындағы дамушы елдер, сондай-ақ ең аз дамыған мемлекеттер ең көп зардап шегетіні айтылған. 2025 жылдың сәуірінде бұл елдерге салынатын орташа тариф екі есеге өссе, шілдеде ол 16%-дан 44%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдеріне салынатын тарифтер 0,5%-дан 13%-ға дейін – 40 еседен астам өскен.

Ауыл шаруашылығы мен тоқыма өнеркәсібі секілді негізгі экспорттық салалар ең үлкен қысымға тап болуда.

Байлар үшін ойын, кедейлер үшін апат

Есепте әлемнің жетекші экономикаларына сауда саясатын қалыптастырғанда дамушы елдерге ұзақ мерзімді әсерін ескеруге шақырылады. Сарапшылардың айтуынша, бұл тариф дауы – соғыстан кейінгі халықаралық қаржы жүйесінің күйреуінің нышаны.

АҚШ өз тариф саясатын "отандық өндірісті қорғау" деп түсіндіреді. Алайда шындық мүлдем басқа: БҰҰ-ның өнеркәсіптік даму ұйымы дамушы елдердегі индустриялық жаңғырту процесінің тоқтап қалғанын хабарлайды. Мысалы, Қытайға салынған тарифтерден кейін Вьетнам мен Камбоджа секілді елдерде шикізат импорттаудың құны 30%-ға қымбаттап, миллиондаған жұмысшы жұмыссыз қалуы мүмкін.

Кейбір африкалық елдер АҚШ-қа экспорттайтын ауылшаруашылық өнімдеріне жоғары тариф төлеуге мәжбүр, ал америкалық ГМО жүгерісін нөлдік тарифпен қабылдайды. Бұл – АҚШ-тың әділеттілігі ме?

1930 жылғы Смут-Хоули тариф заңы Ұлы депрессияны туғызғаны тарихтан белгілі. Бүгінде сол оқиғалар қайталанып жатқандай. АҚШ-тың өзінде шағын кәсіпкерлер шетелдік бөлшектердің бағасының екі есеге өскенін айтып шағымдануда, ал фермерлердің соя өнімдері қоймаларда шіріп жатыр. Елдің экономикалық өсімі 1,8%-ға төмендеп, дамыған мемлекеттер арасында ең әлсіз көрсеткішке ие болды.

Нобель сыйлығының иегері Джозеф Стиглиц айтқандай: "Қабырға тұрғызғандар, ерте ме, кеш пе, сол қабырғамен қоршалады". Әлемде дамушы елдер доллардан бас тарту бастамасын қолдап, BRICS елдері 45 мемлекетке дейін кеңейіп, жаңа сауда альянстары құрылып жатқанда, ескі тәртіп күйреуге бет алды. Қазір әлемге керек нәрсе — тарифтік соққы емес, шынайы инклюзивті көпжақты ынтымақтастық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы