АҚШ-тан қазақстандықтар депортацияланып жатыр ма
АҚШ үкіметі заңсыз иммиграциямен күресті күшейтті. Депортациялауға жататын 1,4 миллион адамның ішінде Қазақстанның 369 азаматы бар деген ақпарат жалған болып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров БАҚ беттерінде тараған ақпаратқа фактчекинг жасады.
Смадияров кешеден бері БАҚ пен әлеуметтік желілерде АҚШ жаңа президентінің саясатына байланысты сол елде заңсыз жүрген мыңдаған мигрант депортацияланады деген ақпарат кеңінен таралып жатқанын айтты.
Барлығы Fox News-тың хабарламасына жүгініп жаңалық жасап жатыр. Оған қоса депортацияға жататын мигранттардың арасында 369 қазақстандық та бар екен мыс. Ал сол ақпаратты тексеріп қарасақ, Fox News бұл жаңалықты 2024 жылғы 11 желтоқсанда жариялаған. Сондықтан ол ақпарат АҚШ-тың көші-қон бойынша жаңа саясатына еш қатысы жоқ, - деп түсіндірді СІМ ресми өкілі.
Ол атағандай, депортация - ол бір мемлекеттен жағымсыз тұлғаны мәжбүрлеп шығару. Мұндай депортациялау әрбір мемлекетте күнде болатын қалыпты іс-шара. Сондықтан ол туралы заңсыз келген басқа елдің азаматтарын шекарадан өткізбей немесе заңсыз жүрген тұлғаларды депортацияласа, сол елдің билігі елшілік немесе консулдыққа хабарлауға міндетті емес.
Fox News-тің жаңалығында 369 қазақстандық бар деген ақпаратты мына жерден көруге болады.
Бұған дейін АҚШ-тағы миграциялық саясаттың қатаңдатылуына байланысты Қазақстан елшілігі шетелде құжатсыз, визасыз жүрген қазақстандықтарға ескерту жасаған болатын.