АҚШ-тан депортацияланған қазақтар Коста-Рикаға жеткізілді

АҚШ-тан депортацияланған бір топ мигрант Коста-Рикаға келді. Бұл ел АҚШ-тан депортацияланған Үндістан мен Орталық Азияның 200 азаматын, оның ішінде Қазақстанды қабылдауға келісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған ақпаратты Reuters агенттігі таратты.

Коста-Рикаға депортацияланғандар тобына Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Армения, Түркия, Ауғанстан, Ресей, Грузия, Вьетнам, Әзербайжан, Иран, Иордания және Ганадан келген отбасы мүшелері – барлығы 135 заңсыз мигрант кіреді. Олардың тең жартысы кәмелетке толмағандар. Депортацияланғандардың арасында кем дегенде екі жүкті әйел бар.

Мигранттар тобы Сан-Диего қаласынан Коста-Рика астанасы Сан-Хосеге жеткізілді, ол жерден автобуспен Панама шекарасына жақын орналасқан мигранттар баспанасына жөнелтілді.

Қауіпсіздік министрінің орынбасары Омер Бадилла Сан-Хосе әуежайында журналистерге мигранттарға Коста-Рикада бір ай қалуға рұқсат берілетінін, осы уақыт ішінде билік олардың өз еліне өз еркімен оралуын үйлестіретінін айтты.

Омер Бадилла депортацияланғандардың жеке жағдайлары өз елдерінде олардың өміріне қауіп төндірмейтініне көз жеткізу үшін «мұқият тексерілетінін» айтты. Кейбіреулер Коста-Рикаға босқын мәртебесін алуға өтініш бере алады.

Олардың көпшілігі өз елдеріне қайтқысы келеді, – деді Бадилла және бас тартқандар жеке-жеке қарастырылатынын айтты.

Коста-Рикадан басқа Панама да жер аударылғандарды қабылдауға келісті. Сондай-ақ үш ұшақ елге Орталық Азия, Таяу Шығыс және Африка елдерінен адамдарды әкелді.

Панама үкіметі Америка Құрама Штаттарынан қабылдаған мигранттардың үшеуі баспана сұрағанын және Канада сияқты басқа елдердің ақыры оларды қабылдай алатынын айтты.

Трамп билік басындағы бірінші айда 37 660 адамды депортациялады. Трамп әкімшілігінің жоғары лауазымды қызметкері мен сарапшылардың айтуынша, алдағы айларда депортациялар саны артады деп күтілуде.

Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 3,6 мыңға жуық азаматымыз АҚШ-тағы консулдық тіркеуде тұрғанын, құжаттарының барлығы дұрыс екенін хабарлаған болатын. Заңсыз иммигранттардың нақты саны белгісіз.

Сонымен қатар, Айбек Смадияровтың айтуынша, заңсыз көшіп келушілерді депортациялау іс жүзінде күнделікті жүргізілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы