АҚШ-тағы жойқын торнадо 16 адамның өмірін қиды
АҚШ-тың орталық-шығыс бөлігінде болған күшті дауылдар салдарынан кемінде 16 адам қаза тапты. Бұл туралы BAQ.KZ Deutsche Welle-ге сілтеме жасап хабарлады.
Жергілікті биліктің айтуынша, нөсер жауын салдарынан үлкен су тасқындары болған. АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметі 6 сәуірде тағы да қауіпті ауа райы құбылыстары болатынын ескертті.
Дауыл жүйесі Арканзас штатынан Огайоға дейінгі аумақты қамтып, соңғы күндері көптеген ғимаратты қиратып, жолдарды су басып, ондаған торнадо туғызған. Ең көп зардап шеккен – Теннесси штаты. Бұл өңірдің батыс бөлігінде 10 адам қаза тапқаны хабарланды.
Кентукки штатында су тасқыны салдарынан екі адам көз жұмды. Олардың бірі – мектеп автобусына бара жатқанда суға ағып кеткен 9 жасар бала. Бұл туралы штат губернаторы Энди Бешир айтты.
Аса қауіпті және кенеттен болатын су тасқындары күтілуде. Адам өмірі мен мүлкіне үлкен қауіп төніп тұр, – делінген АҚШ Ұлттық метеоқызметінің мәлімдемесінде.
Сонымен қатар, Миссури мен Индиана штаттарында да бір-бір адамнан қаза тапқаны хабарланды. 6 сәуір таңындағы жағдай бойынша Арканзас пен Теннесси штаттарында 100 мыңнан астам адам жарықсыз қалған.
Бұған дейін бірнеше штатта торнадо әлі де жалғасып жатқаны хабарланған болатын.