АҚШ-тағы теракт: бүкіл әлемді дүр сілкіндірген күн

ХХІ ғасырдың тарихындағы ең қасіретті күндердің бірі. Бұл күні АҚШ аумағында «Әл-Қаида» ұйымының содырлары жолаушылар ұшағын басып алып, Дүниежүзілік сауда орталығы мен Пентагонға шабуыл жасады. 24 жыл өтсе де, бұл оқиға әлемдік саясатқа, қауіпсіздік жүйесіне және миллиондаған адамның тағдырына ықпал еткен күйі есте қалып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шабуыл қалай болды?

2001 жылғы 11 қыркүйек таңында «Әл-Қаида» ұйымына қатысы бар 19 содыр төрт жолаушылар ұшағын басып алды.

  • American Airlines 11 рейсі – Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының солтүстік мұнарасына соғылды.
  • United Airlines 175 рейсі – бірнеше минуттан соң оңтүстік мұнараға соқты.
  • American Airlines 77 рейсі – Пентагонға, АҚШ Қорғаныс министрлігінің ғимаратына бағытталды.
  • United Airlines 93 рейсі – террористер оны да әскери немесе саяси нысанға бағыттағысы келген. Бірақ жолаушылар қарсылық танытып, ұшақ Пенсильвания штатының Шэнксвилл қаласына жақын маңға құлады.

Барлығы 2977 адам қаза тапты. Оның ішінде ұшақ жолаушылары, ғимараттардағы азаматтар, сондай-ақ құтқару операциясына қатысқан өрт сөндірушілер мен полицейлер болды.

Фото: Associated Press

Әлемді дүр сілкіндірген күн

Шабуыл бүкіл әлемді дүрліктірді. Телеарналар мұнаралардың өртенуі мен құлауын тікелей эфирде көрсетті. Миллиондаған адам көз алдында адамзат тарихындағы ең ірі террористік актінің куәсі болды. Бұл қасірет АҚШ үшін ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастық үшін қауіпсіздік жүйесін қайта қараудың басы болды.

Фото: Associated Press

АҚШ-тың жауабы: «Терроризмге қарсы жаһандық соғыс»

11 қыркүйек оқиғасы АҚШ саясатын түбегейлі өзгертті. АҚШ-тың сол кездегі президенті Джордж Буш «Терроризмге қарсы жаһандық соғыс» жариялап, екі ірі әскери операция бастады:

  • Ауғанстанға басып кіру (2001 ж.) – мақсат «Талибанды» құлату және Усама бен Ладенді ұстау болды.
  • Ирактағы соғыс (2003 ж.) – АҚШ Саддам Хусейннің билігін құлатып, жаппай қырып-жою қаруы бар деп айыптады. Бірақ кейін мұндай қарудың бар екендігі дәлелденбеді.

Бұл соғыстарда жүз мыңдаған бейбіт тұрғын мен он мыңдаған әскери қаза тапты. Бұл қасіретті күннен кейін кауіпсіздік шаралары күшейді. Әуежайдағы тексерістерден бастап, арнайы қызметтердің бақылауына дейін қатаң ережелер енгізілді.

  • Гуантанамо түрмесі. Терроризмге қатысы бар деп күдіктелгендер Кубадағы әскери түрмеге жеткізілді. Бірақ оларды сотқа тарту мәселесі әлі де шешілмей келеді.
  • Халид Шейх Мохаммед ісі. Терактіні ұйымдастырушы деп саналатын бұл адам 2003 жылы ұсталғанымен, сот процесі аяқталмаған.

Құрбандарға тағзым

Фото: hromadske.ua

2001 жылғы қасіреттен кейін Нью-Йоркте 11 қыркүйек Ұлттық мемориалы салынды. Екі алып су бұрқағы мен қара мәрмәрге қашалған есімдер қаза тапқандарға деген мәңгілік естелік болып қалды. Сонымен қатар, АҚШ билігі Манхэттенді басқан улы шаңнан зардап шеккендерге миллиардтаған доллар көлемінде медициналық көмек пен өтемақы төледі. Бүгінде 140 мыңнан астам адам арнайы медициналық бағдарламаларда тіркеуде тұр.

Ұлттық бірлік күніне айналған күн

11 қыркүйек – АҚШ-та аза тұту күні ғана емес, қызмет пен қайырымдылық күні болып та белгіленді. Жыл сайын мыңдаған ерікті азық-түлік таратып, қан тапсырып, қоғамдық шараларға қатысады.

Бұл қайғы ешқашан ұмытылмайды. Бірақ адамдар бір-біріне көмектесуді үйренді. Қайғыдан қуаныш табу – үлкен сабақ», – дейді құрбан болғандардың туыстарының бірі Джеймс Линч.

24 жыл өтсе де, 11 қыркүйек терактісі әлем тарихында қара таңба болып қалды. Бұл оқиға халықаралық қатынастардың бағытын өзгертіп, жаһандық қауіпсіздік жүйесін қайта құрды. Ең бастысы – бейбіт тұрғындардың өмірін қиған лаңкестік әрекеттердің қайталанбауы үшін мемлекеттер әлі күнге дейін күш біріктіріп келеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы