18 Қараша 2026, 11:05 Фото: bbc.com/Getty Images

АҚШ-тағы техникалық ақау: Марко Рубио кибершабуыл туралы қауесетті жоққа шығарды

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио соңғы күндері елде болған бірқатар ірі технологиялық ақаулардың өзара байланысты екенін растайтын ешқандай дәлел жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл оқиғалардың кибершабуылға немесе шетелдік қарсыластардың әрекетіне қатысы жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ.

BBC Рубио соңғы күндері әлеуметтік желілерде тараған түрлі болжамдарға түсінік бергенін мәлімдеді. Ол қоғамда технологиялық жүйелердегі ақаулар бір-бірімен байланысты немесе әдейі ұйымдастырылған болуы мүмкін деген алаңдаушылық бар екенін мойындады.

Біз жүйелі шабуылға ұшырап отырған жоқпыз. Бұл оқиғалардың бір-біріне еш қатысы жоқ, олар өзара байланысты емес, – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.

Соңғы бір аптада АҚШ-та бірнеше ірі технологиялық іркіліс тіркелді. Microsoft қызметтеріндегі ақау көптеген пайдаланушыға әсер етті. Федералдық авиация басқармасы елдегі барлық рейсті төрт сағаттан астам уақытқа тоқтатуға мәжбүр болды. Бұдан бөлек, бірнеше банк, Apple сервистері және АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің ішкі байланыс желісі уақытша істен шықты.

Apple компаниясы iCloud пен Apple Pay қызметтеріндегі ақау кибершабуылдан емес, ішкі жаңартудан туындағанын хабарлады. Зардап шеккен өзге компаниялар мен мемлекеттік мекемелер де оқиғалардың кибершабуылға қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

АҚШ Ұлттық барлау директоры Джей Клейтон да ақаулардың кибершабуыл салдарынан болмағанын айтты. Оның сөзінше, көптеген мекеме ақпараттық жүйелерін жаңартып, бағдарламалық қамтамасыз етуді жетілдіріп жатыр. Бұл жұмыстар кейбір қызметтердің уақытша бұзылуына әкелген.

Киберқауіпсіздік саласының мамандары да аталған оқиғалардың арасында байланыс бар екенін растайтын дәлел жоқ екенін айтады. NetBox Labs компаниясының бас директоры Крис Биверстің пікірінше, әлемдік цифрлық инфрақұрылым өте жылдам өзгеріп жатыр, ал оның бір бөлігі 30-40 жыл бұрын құрылған ескі жүйелерге негізделген. Сондықтан оларды жаңарту барысында техникалық тәуекелдер туындайды.

Palo Alto Networks компаниясының Unit 42 бөлімшесіндегі қауіп-қатерлерді барлау жөніндегі вице-президент Шеррод ДеГриппо да соңғы оқиғалар цифрлық инфрақұрылымның өзара тығыз байланысқанымен, осал екенін көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, бір бағдарламалық қате немесе маршрутизатордың істен шығуы тұтас ел көлеміндегі қызметтердің жұмысына әсер етуі мүмкін.