12 Қараша 2026, 09:27 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

АҚШ-тағы инфляция Ұлттық қорға қалай әсер етеді? – Экономист түсіндірді

АҚШ-тағы инфляциялық қысым Қазақстанның шетелдік бағалы қағаздарға салған қаражатына да әсер етуі мүмкін. Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, акциялар мен облигациялардың қатар арзандауы Ұлттық қордың инвестициялық портфелі үшін тәуекел туғызады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшы бұл құбылысты  акциялар мен облигациялар арасындағы оң корреляция ұғымымен түсіндіреді. Мұндай жағдайда портфельдегі екі түрлі активтің бағасы бір бағытта қозғалып, олардың бірін-бірі теңгеру мүмкіндігі әлсірейді.

Облигация кірістілігі өссе, бағасы неге төмендейді?

10 қарашада АҚШ-тың екі жылдық қазынашылық облигацияларының кірістілігі 4,73 пайызға жетіп, бір күнде 0,17 пайыздық тармаққа көтерілді. Он жылдық қағаздардың кірістілігі 4,98 пайызға дейін өсті. Инфляция көрсеткіштері инвесторлардың АҚШ-та пайыздық мөлшерлеме көтерілуі мүмкін деген болжамын күшейткен.

Айбар Олжайдың түсіндіруінше, нарықтағы кірістілік өскенде бұрын төмен купонмен шығарылған облигациялардың тартымдылығы азаяды. Оларды сатып алушыға тиімді ету үшін нарықтық бағасы төмендейді.

Бұл бұрын шығарылған қағаздардың бекітілген купоны өзгереді дегенді білдірмейді. Өзгеретін көрсеткіш – олардың нарықтағы бағасы және сол бағамен сатып алған инвестор үшін кірістілігі.

Сонымен қатар жоғары пайыздық мөлшерлемелер акцияларға да қысым түсіруі мүмкін. Компаниялардың қарыз тартуы қымбаттап, инвесторлар болашақ табысын қайта бағалайды. Осылайша облигациялар мен акциялар бір мезгілде арзандауы ықтимал.

Ұлттық қор үшін қандай тәуекел бар?

Экономистің айтуынша, Қазақстан шетелдік акциялар мен облигацияларды қатар ұстайтындықтан, мұндай қозғалыс инвестициялық портфельдің нарықтық құнын төмендетуі мүмкін.

Бірақ ол қайта есептеу бойынша қағаздағы шығын ғана болуы мүмкін. Облигацияларды өтеу мерзіміне дейін ұстасаң, келісілген кірісіңді бәрібір аласың, - дейді Айбар Олжай.

Яғни бағалы қағаздың нарықта арзандауы мен оны сатып, нақты шығынға ұшырау - екі бөлек жағдай. Эмитент міндеттемесін орындаса, өтеу мерзіміне дейін ұсталған облигация бойынша шартта белгіленген төлемдер сақталады. Алайда бұл оның нарықтық құнының уақытша төмендеуін немесе инфляцияның табыстың сатып алу қабілетіне әсерін жоймайды.

Ұлттық қор активтерін басқару тұжырымдамасында 2026-2030 жылдарға арналған жинақ портфелінің мақсатты құрылымы белгіленген. Оның 50 пайызын облигацияларға, 35 пайызын акцияларға, 10 пайызын балама құралдарға, 5 пайызын алтынға орналастыру көзделген. Бұл – стратегиялық мақсат, портфельдің дәл қазіргі нақты құрамы емес.

Нақты әсерді бағалау үшін не қажет?

Айбар Олжай Ұлттық қордағы АҚШ қазынашылық қағаздарының барлығын бірдей құрал ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтеді. Қалқымалы мөлшерлемесі бар облигациялардың купондық кірісі нарықтық жағдайға бейімделеді. Ал бекітілген купоны бар қағаздардың пайыздық өзгерістерге сезімталдығы өзгеше.

Нақты тәуекелді бағалау үшін портфельдегі фикса және қалқыма купондардың арақатынасын, облигациялардың дюрациясын білуіміз керек, - дейді экономист.

Дюрация облигация бағасының пайыздық мөлшерлеме өзгерісіне қаншалықты сезімтал екенін бағалауға көмектеседі. Сондықтан АҚШ-тағы кірістіліктің өсуіне қарап, Ұлттық қордың қанша шығынға ұшырағанын бірден есептеу мүмкін емес.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылдың он айының қорытындысында Ұлттық қор активтері 66,9 млрд доллар болған.

Сарапшы осындай көлемдегі инвестициялық портфель үшін халықаралық нарықтағы шағын өзгерістердің өзі елеулі қайта бағалауға әкелуі мүмкін екенін айтады. Дегенмен нақты шығын туралы қорытынды жасау үшін портфельдің құрамы мен тиісті кезеңдегі инвестициялық нәтижелері қажет.