Бүгiн 2026, 07:48 Фото: REUTERS/Megan Varner

АҚШ-тағы Денвер әуежайында ұшақ адам қағып кетті

Қазір АҚШ-тың Федералды авиация басқармасы мен Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

АҚШ-тың Денвер халықаралық әуежайында Frontier Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы ұшу-қону жолағында адамды қағып кетті. Ұшақ қаққан адам қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Әуе диспетчерлерімен байланыс кезінде ұшқыш «біреуді соғып кеттік» деп хабарлап, қозғалтқыштан түтін шыққанын айтқан. Оқиғадан кейін ұшақта өрт қаупі туындап, борттағы 224 жолаушы мен экипаж мүшелері жедел эвакуацияланды.

Денвер өрт сөндіру қызметі өртті дер кезінде сөндірген. Алдын ала мәлімет бойынша, 12 жолаушы жеңіл жарақат алған, олардың бірнешеуі ауруханаға жеткізілген.

Билік өкілдерінің айтуынша, ұшақ ұшу-қону жолағына кірген адам әуежай аумағына қоршаудан заңсыз өткен. Оқиға кезінде лайнер Лос-Анджелеске бағыт алған рейсті орындап жатқан.

Қазір АҚШ-тың Федералды авиация басқармасы мен Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Ұшу-қону жолағы уақытша жабылды.

Әуежай мен авиакомпания өкілдері оқиғаға байланысты көңіл айтып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.