АҚШ-та жасөспірім ойын консолі үшін ұйықтап жатқан әкесін атып өлтірді
АҚШ-тың Пенсильвания штатында 11 жастағы жасөспірім Клейтон Дитц ойын приставкасына байланысты жанжалдан кейін ұйықтап жатқан әкесін атып өлтірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
People басылымының жазуынша, оқиға 13 қаңтарға қараған түні болған. 34 жастағы асырап алған әкесі Дуглас Дитц ұйықтар алдында баласының ойын консолін алып қойған. Жасөспірім приставка сейфте деп ойлап, кілтті тауып, оның ішінен әкесінің револьверін тапқан. Сол қарумен ол ұйықтап жатқан әкесіне оқ атқан.
Полиция келген кезде бала әкесіне ашуланғанын және әрекетінің салдары туралы ойламағанын айтқан.
Мен әкемді өлтірдім, – деп мойындаған ол.
Жасөспірім ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кәмелетке толмағанына қарамастан, оны кепілмен босатудан бас тартылды.
Пенсильвания заңына сәйкес, кісі өлтіру айыбы тағылған 10 жастан асқан жасөспірімдер автоматты түрде ересектер сияқты сот алдында жауап береді. Алдын ала сот тыңдауы 22 қаңтарға белгіленген.