Бүгiн 2026, 06:05
Фото: pixabay
АҚШ-та ұшқыш ұшу кезінде есінен танып қалды
Оқиға Boeing 737 жолаушылар лайнерінің бортында, Harry Reid International Airport әуежайынан ұшып шыққан сәтте болған.
Лас-Вегаста авиациялық оқиға тіркелді: жолаушылар ұшағының командирі ұшу кезінде есінен танып қалды. Бұған кабинада ауыр монитордың ұшқыштың басына құлауы себеп болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
TCH оқиға Southwest Airlines әуе компаниясының Рино қаласына бағыт алған рейсінде орын алғанын жазды. Ұшақ ұшу жолағында екпін алып, көтеріле бастаған кезде, алдыңғы әйнектегі индикация жүйесінің (HUD) бекіткіші үзіліп кеткен. Нәтижесінде құрылғы капитанның басына құлаған.
Соққыдан кейін ұшқыш есінен танып қалған. Кейін есін жиған соң, оның басы айналып, жүрегі айнып, көру қабілетінде ақаулар болғанын айтқан.
Екінші ұшқыш бірден басқаруды өз қолына алып, диспетчерлермен байланысқа шығып, шұғыл қонуға рұқсат сұраған. Көп ұзамай бортта төтенше жағдай жарияланып, ұшақ қайтадан Harry Reid International Airport әуежайына сәтті қондырылған.