АҚШ-та университетте атыс болып, екі студент көз жұмды
АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы Провиденс қаласында орналасқан Браун университетінде емтихан кезінде болған атыс салдарынан екі студент қаза тауып, сегізі ауыр жарақат алды. Тағы бір адам жеңіл жараланған, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, оқ атқан күдіктіні әзірге ұстау мүмкін болмаған.
Оқиға АҚШ-тағы ең беделді жекеменшік жоғары оқу орындарының бірі, Айви лигаға кіретін Браун университетінің инженерлік және физика факультеттері орналасқан ғимараттың бірінші қабатындағы аудиторияда болған. Сол күні ғимаратта емтихандар өтуі тиіс еді.
Студенттердің бірі жергілікті WJAR телеарнасына берген сұхбатында полиция операцияны аяқтағанша екі сағат бойы парта астына тығылып отырғанын айтты.
АҚШ президенті Дональд Трамп атыс туралы хабардар етілгенін мәлімдеді.
Бұл — өте қорқынышты жағдай. Қазір қолымыздан келетіні – құрбандар үшін дұға ету ғана. Бұл масқара, — деді Трамп журналистерге.
Жергілікті құқық қорғау органдарына ФБР-ді қоса алғанда, федералдық құрылымдар көмек көрсетіп жатыр.
Кінәлі әлі де бостандықта жүр, — деді Провиденс қаласының мэрі Бретт Смайли журналистерге.
Басылымның жазуынша, құрбандар саны артуы мүмкін.
Полиция басшысының орынбасары Тимоти О’Хара күдіктінің жеке басы әзірге анықталмағанын айтты. Алайда полицияның болжамынша, күдікті шамамен 30 жаста, ол ғимараттан шығып бара жатқан сәтінде бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Алғашында университет күдікті ұсталды деп хабарлаған, бірақ кейін бұл ақпарат нақтыланды. Жаңартылған мәлімдемеде ешкімнің ұсталмағаны және полицияның ықтимал бір немесе бірнеше күдіктіні іздеуді жалғастырып жатқаны айтылды.
Билік өкілдерінің дерегінше, оқ атқан адам инженерлік корпусында студенттерге оқ жаудырып, кейін жаяу қашып кеткен. Қару табылған жоқ.
Reuters агенттігінің жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлауынша, күдіктіні іздеу жұмыстары мереке алдындағы күндері қала орталығында сауда жасап жүрген адамдардың көптігі мен концерттерге жиналған мыңдаған көрерменнің болуына байланысты қиындаған.
Агенттік АҚШ-та оқу орындары мен өзге де қоғамдық жерлерде жаппай атыстардың басқа елдерге қарағанда жиі болатынын еске салады. Бұған дамыған елдер арасындағы ең либералды қару-жарақ заңдарының бірі әсер етіп отыр. The Gun Violence Archive ұйымының дерегіне сәйкес, биыл АҚШ-та осындай 389 оқиға тіркелген, оның алтауы оқу орындарында болған. Ал өткен жылы мұндай жағдайлар саны 500-ден асқан, — делінген хабарламада.