АҚШ-та туған барлық бала автоматты түрде азаматтық ала алмайды: Трамп жаңа шектеулер енгізбек
Сондай-ақ «босану туризміне» қарсы күресті күшейтпек.
АҚШ президенті Дональд Трамп елде дүниеге келген барлық балаларға автоматты түрде азаматтық беру тәжірибесін қайта шектеуге тырысып жатыр. Ол осы мақсатта жаңа жарлықтарға қол қойғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Трамптың айтуынша, жаңа құжаттардың бірі АҚШ аумағында туған кейбір балалардың азаматтық алу құқығын шектеуге бағытталған, деп жазады APNews.com. Сонымен қатар елге тек бала босану үшін келетін шетелдіктерге қатысты талаптар да күшейтілмек.
Жаңа бастамаға сәйкес, АҚШ-та дүниеге келген әрбір балаға азаматтық автоматты түрде берілмеуі мүмкін. Әсіресе, ата-анасы азаматтық алу үшін алаяқтық әрекеттерге барған немесе белгілі бір санаттағы шетел азаматтары болған жағдайда шектеулер қолданылуы ықтимал.
Сондай-ақ әкімшілік «босану туризміне» қарсы күресті күшейтпек. Бұл тәжірибе бойынша шетел азаматтары АҚШ-та бала дүниеге әкеліп, сол арқылы нәрестеге америкалық азаматтық алуға ұмтылады.
Айта кетейік, Трамп бұған дейін де туу арқылы азаматтық алу құқығын шектеуге талпыныс жасаған. Алайда оның алғашқы бастамасын АҚШ Жоғарғы соты қолдамаған болатын. Соған қарамастан Ақ үй басшысы бұл мәселені қайта көтеріп отыр.
Трамп жаңа жарлықтардың Конституция талаптарына сәйкес келетініне сенімді екенін айтты. Оның пікірінше, туу арқылы азаматтық алу құқығы АҚШ-қа заңсыз көші-қон ағынын күшейтіп отыр.
Ал иммигранттар құқығын қорғайтын ұйымдар мен көптеген заңгерлер бұл бастамаға қарсы. Олар АҚШ Конституциясы ел аумағында туған азаматтардың құқықтарын нақты белгілейтінін және мұндай шектеулер қоғамда теңсіздікке алып келуі мүмкін екенін алға тартады.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ Жоғарғы соты ел аумағында дүниеге келген балалардың азаматтық алу құқығын қолдап, президент Дональд Трамптың бұл құқықты шектеу туралы бастамасын қабылдамаған еді.