АҚШ-та туған балаларға азаматтық беру құқығы қайта қаралады
АҚШ Жоғарғы соты туған жері бойынша азаматтық алуды шектеуді көздейтін Дональд Трамптың жарлығының заңдылығына қатысты шешім қабылдайды, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.
АҚШ Конституциясының 14-түзетуі ұзақ жылдар бойы ел аумағында туған кез келген адамға: шетелдік дипломаттардың баласынан басқа автоматты түрде азаматтық берілетін норма ретінде түсіндіріліп келді.
Құжатта: "АҚШ-та туған немесе азаматтық алған және оның юрисдикциясына бағынатын барлық адамдар — Америка Құрама Штаттарының және олар тұратын штаттың азаматтары" деп жазылған.
Бұл түзету 1857 жылғы атышулы "Дред Скотт ісінен" кейін қабылданған. Ол шешімде құлдардан тараған адамдар азамат болып саналмайтыны айтылған еді.
Президент қызметіндегі алғашқы күні Дональд Трамп АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттардың АҚШ-та туған балаларына азаматтық беруді тоқтататын жарлыққа қол қойды. Жарлық сотта даулы болғаннан кейін бірнеше федералдық судья оның Конституцияны бұзатынын мәлімдеп, екі федералдық апелляциялық сот бұл шешімді күшінде қалдырған. Одан кейін Трамп бұл істі Жоғарғы сотқа жеткізді, — делінген хабарламада.
Биыл маусымда Жоғарғы сот президенттің пайдасына шешім шығарып, төменгі соттардың тыйым салу туралы бұйрықтары өз өкілеттігінен тыс болғанын мәлімдеді.
Қазір Жоғарғы соттың істі толық қарау уақыты әлі белгіленген жоқ.
Pew Research Center дерегінше, 2022 жылға қарай АҚШ-та заңсыз келген мигранттардан 1,2 миллион бала дүниеге келген.