Бүгiн 2026, 00:30 Фото: depositphotos.com

АҚШ-та туған балалар азаматтық алуға құқылы: Жоғарғы сот Трамптың бастамасын қолдамады

Бұған дейін Дональд Трамп арнайы жарлық арқылы бұл құқықты шектеуге тырысқан еді.

АҚШ Жоғарғы соты ел аумағында дүниеге келген балалардың азаматтық алу құқығын қолдап, президент Дональд Трамптың бұл құқықты шектеу туралы бастамасын қабылдамады.

ВВС-дің хабарлауынша, соттың 6-3 есебімен қабылдаған шешіміне сәйкес, АҚШ Конституциясына енгізілген 14-түзетуге сай, елде заңсыз немесе уақытша жүрген шетел азаматтарының балалары да АҚШ аумағында дүниеге келсе, автоматты түрде азаматтық алуға құқылы.

Бұған дейін Дональд Трамп арнайы жарлық арқылы бұл құқықты шектеуге тырысқан еді. Оның пікірінше, заңсыз мигранттар мен уақытша келген шетелдіктердің балалары АҚШ юрисдикциясына жатпайды, сондықтан азаматтық ала алмайды.

Алайда Жоғарғы сот бұл ұстанымды қолдамай, 1868 жылдан бері қолданылып келе жатқан конституциялық қағиданы өзгеріссіз қалдырды.

«Азаматтық – бұл адамның саяси қауымдастықтың толыққанды мүшесі болу құқығы. Конституцияның 14-түзетуі осы құқықты АҚШ жерінде дүниеге келген әрбір адамға кепілдік береді», – деп жазды Жоғарғы сот төрағасы Джон Робертс шешім мәтінінде.

Шешіммен судьялар Кларенс Томас, Нил Горсач және Сэмюэл Алито келіспеді. Олар 14-түзетудің бастапқы мағынасы кеңінен түсіндіріліп кеткенін айтып, бұл норма барлық жағдайда қолданылмауы тиіс деген пікір білдірді.

Трамп сот шешімін сынға алып, өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында оны «өте өкінішті шешім» деп атады. Сондай-ақ ол Конгресті туу құқығы арқылы азаматтық беру тәртібін өзгерту үшін заң қабылдауға шақырды.

Ал азаматтық құқықтарды қорғайтын ұйымдар Жоғарғы соттың шешімін құптады. Олардың айтуынша, бұл шешім АҚШ Конституциясында бекітілген негізгі құқықтардың сақталатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.