Бүгiн 2026, 13:49 Фото: NBC News

АҚШ-та Тәуелсіздік күні мерекесі кезінде алты адам қаза тапты

Бірнеше штатта болған қарулы шабуылдардан ондаған адам жарақат алды.

АҚШ-та 4 шілде – Тәуелсіздік күнін мерекелеу кезінде елдің бірнеше қаласында болған қарулы шабуылдар салдарынан кемінде алты адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды.

Ең ірі оқиғалардың бірі Кони-Айленд ауданында болды. Қара түсті бетперде киген белгісіз адам отбасылық барбекюге жиналған адамдарға оқ жаудырған. Салдарынан кемінде сегіз адам зардап шекті. Олардың төртеуі – балалар.

Осыған ұқсас қарулы шабуылдар Индиана, Калифорния, Миссури, Огайо және Флорида штаттарында да тіркелді.

Флоридадағы Пенсакола қаласының орталығында болған атыс салдарынан 19 жастағы жігіт қаза тауып, тағы алты адам жараланды.

Индиана штатында бірнеше қарулы оқиға тіркеліп, олардың салдарынан бір әйел мен 10 жастағы бала көз жұмды. Бұдан бөлек, сегіз ересек адам түрлі дене жарақатын алған.

Ал Миссури штатында болған атыстан 17 жастағы жасөспірім қаза тапты. Оқ жарақатын алған екі 16 жастағы жасөспірім ауруханаға жеткізілді.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары барлық оқиға бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Күдіктілер мен шабуылдардың себептері анықталуда.