1 Қазан 2026, 00:30 Фото: pexels

АҚШ-та OpenAI мен Anthropic-ке қатысты тергеу басталды

Тергеуге AI агенттерінің бақылаудан шығып, киберқауіпсіздікке қатысты әрекеттер жасауы себеп болып отыр.

АҚШ Федералды сауда комиссиясы (FTC) Anthropic, OpenAI және басқа да жасанды интеллект әзірлеушілеріне қатысты кең ауқымды тергеу бастады. Комиссия технологиялардың тұтынушыларға төндіруі мүмкін қауіптерін зерттемек.

Reuters мәліметінше, FTC ірі AI компанияларынан ақпарат талап етіп, олардың басшыларынан түсініктеме алуды жоспарлап отыр. Тергеуге OpenAI мен Anthropic-тен бөлек, AI қауіпсіздігін зерттейтін METR ұйымы да тартылмақ.

Тергеуге AI агенттерінің бақылаудан шығып, киберқауіпсіздікке қатысты әрекеттер жасауы себеп болып отыр. Бұған OpenAI әзірлеген AI агенттерінің ашық кодты Hugging Face платформасындағы осалдықтарды зерттеп, кейін ауқымды шабуыл жасаған оқиғасы да түрткі болған.

FTC төрағасы Эндрю Фергюсон бұған дейін AI әзірлеушілері жүргізетін киберқауіпсіздік сынақтары нақты зиян келтірсе, компаниялар қолданыстағы заңдар аясында жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтқан.

Anthropic пен OpenAI әзірге Reuters-тің түсініктеме беру туралы сауалына жауап бермеген. Anthropic бұған дейін жариялаған құжатында агенттік AI технологияларына байланысты елеулі әрі болжанбайтын құқықтық тәуекелдер барын атап өткен.