Кеше 2026, 22:35 Фото: АҚШ монета сарайы

АҚШ-та Дональд Трамп бейнесі бар мерейтойлық алтын монета дайындалуда

АҚШ қазынашысы Брэндон Бич бұл туындыны "теңдессіз ескерткіш монета" деп атады.

АҚШ-та Дональд Трамп бейнеленген 24 караттық алтын монета шығарылмақ. Бұл бастама АҚШ-тың Бейнелеу өнері комиссиясы тарапынан елдің 250 жылдық мерейтойына орай мақұлданған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Монетаның бір бетінде Сопақ кабинеттегі Дональд Трамптың бейнесі орналасса, екінші жағында «1776» және «2026» деген жазулар бедерленеді.

Брэндон Бичтің айтуынша, алдағы маңызды дата қарсаңында елдің тарихы мен демократиялық рухын айшықтайтын ерекше символдар қажет. Оның пікірінше, мұндай монета үшін қазіргі президенттің бейнесі ең лайық нұсқалардың бірі.

Айта кетейік, 2020 жылғы "Коллекциялық монеталарды қайта жобалау туралы" заңға сәйкес, АҚШ Қазынашылығы 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір жыл бойы ел тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған арнайы дизайндағы 1 долларлық монеталарды айналымға шығара алады.