АҚШ-та бензин бағасы 4 доллардан асты: Трамп кешірім сұрамайтынын мәлімдеді
Трамп бағаның өсуін үлкен мәселе деп санамайтынын жеткізді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы соғыс салдарынан елде бензин бағасының қымбаттағаны үшін америкалықтардан кешірім сұраудан бас тартты.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Нассо округіндегі полиция академиясында сөйлеген сөзінде Трамп Иранға қарсы әскери операцияның басты себептерінің бірі Тегеранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу екенін тағы да айтты.
Біз олардың (Иранның – ред.) ядролық қаруы болғанын қаламаймыз, – деді АҚШ президенті.
Трамп америкалықтар қазір бензин үшін галлонына шамамен 4 доллар төлеп жатқанын атап өтіп, бағаның өсуін үлкен мәселе деп санамайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жағдай үшін кешірім сұрауға негіз жоқ.
Мен ешқашан кешірім сұрамаймын. Мен дұрыс әрекет жасадым, – деді Трамп.
Бұған дейін, 12 тамызда, GasBuddy мұнай нарығын талдау бөлімінің басшысы Патрик Де Хаан АҚШ-та бензиннің орташа бағасы жылдың осы кезеңіндегі ең жоғары деңгейге жетіп, галлонына 4 доллардан асқанын хабарлаған.