14 Қараша 2026, 10:13 Фото: istockphoto.com

АҚШ-та байланыс жүйесіндегі ақауға байланысты ұшақтар төрт сағаттан астам уақыт ұша алмады

FAA ескірген байланыс желісіндегі ақауға байланысты ел аумағындағы әуежайлардан ұшақтардың ұшуын уақытша тоқтатты.

АҚШ-та әуе диспетчерлерінің байланыс жүйесінде ауқымды ақау болып, ұшақтардың ұшуы төрт сағаттан астам уақытқа тоқтатылды. Шектеу елдегі барлық әуежайға әсер етіп, рейстер кестесінің айтарлықтай бұзылуына әкелді. Бұл туралы Reuters агенттігі мәлімдеді.

АҚШ Федералдық авиация басқармасы (FAA) 13 қарашада елдегі барлық әуежайдан ұшақтардың ұшуын уақытша тоқтату туралы бұйрық берді. Бұған әуе қозғалысын басқару орталықтарындағы байланыс мәселелері себеп болған.

Әуеде жүрген ұшақтарға қонуға рұқсат етілді, алайда жаңа рейстердің ұшуы тоқтатылды.

Төрт сағаттан астам уақыт өткен соң шектеулер алынды. Дегенмен АҚШ Көлік министрі Шон Даффи әуе қатынасын толық қалпына келтіру үшін қосымша уақыт қажет екенін ескертті.

Оның айтуынша, ақау FAA-ның ескірген телекоммуникациялық желісінде болған. Деректер ағынының шамадан тыс көбеюінен коммутаторлар мен маршрутизаторлар істен шыққан. Жабдықтардың шамадан тыс жүктелуіне не себеп болғаны әзірге анықталған жоқ.

Cirium авиациялық талдау компаниясының бағалауынша, шектеулер енгізілгеннен кейін АҚШ әуежайларынан 1,5 миллионнан астам жолаушы мінген шамамен 11 мың рейс ұшуы тиіс болған.

Бұл оқиға АҚШ-тың авиациялық инфрақұрылымының жай-күйіне қатысты мәселені қайта көтерді. Елдің Есеп палатасының мәліметінше, тексерілген әуе қозғалысын басқару жүйелерінің төрттен үш бөлігінен астамы ескірген немесе сенімсіз болуы мүмкін.

Бұған дейін АҚШ билігі авиациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға 12,5 миллиард доллар бөлген. Енді әкімшілік әуе қозғалысын басқару жүйелерін жаңартуды қоса алғанда, осы салаға тағы 30,1 миллиард доллар бөлу туралы Конгреске өтініш жасаған.

Бүкіл ел бойынша ұшулардың бұған дейінгі жаппай тоқтатылуы 2023 жылғы қаңтарда болған. Ол кезде техникалық ақау 10 мыңнан астам әуе рейсінің кестесін бұзған.