Кеше 2026, 14:33 Фото: instagram.com/kyrgyz_google

АҚШ-та «Араб ханзадаларының» алаяқтық схемасы әшкере болды

Өздерін араб шейхтары ретінде таныстырып, алаяқтық жасаған ағайындылар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.

АҚШ-тың Огайо штатында өздерін Таяу Шығыстағы корольдік отбасының мүшелері ретінде таныстырған ағайындылар 21 миллион доллар көлемінде алаяқтық жасағаны үшін ұзақ мерзімге сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ The New York Post-қа сілтеме жасап.

Огайо штатының ағайынды тұрғындары жалпы сомасы шамамен 21 миллион долларды құрайтын алаяқтық схемалар сериясын жүзеге асыру үшін өздерін араб шейхтары ретінде таныстырған.

Прокуратураның мәлімдеуінше, бұл қылмыстық схемалар Ист-Кливленд мэрінің бұрынғы көмекшісінің қолдауымен жүзеге асырылған.

Жергілікті Cleveland басылымының хабарлауынша, 42 жастағы Зуйбайр мен 31 жастағы Муззаммил Аль Зубайрлар 24 және 23 жылға бас бостандығынан айырылды.

Басылымның мәліметінше, ағайындылардан пара алған мэр әкімшілігінің басшысы, 56 жастағы Майкл Смедли де сегіз жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айырылды.

Ол 2020-2023 жылдар аралығында олардың қылмыстық жоспарларын жүзеге асыруға қажетті «көлеңкені» қамтамасыз етіп отырған.

Билік өкілдерінің айтуынша, ағайындылар өздерін ертегідей бай және элитамен байланысы бар адамдар ретінде көрсеткен: Зубайр өзін Біріккен Араб Әмірліктерінің ханшайымына үйленгенмін деп өтірік айтса, Муззаммил YouTube-тегі бейнероликтерді көру арқылы алған «біліміне» сүйеніп, өзін хедж-қордың басқарушысы ретінде таныстырған.

Олар сән-салтанатқа толы өмір сүрген: жеке ұшақпен ұшып, қымбат сағаттар таққан, элиталық көліктер паркін құрған.

Сондай-ақ олардан ондаған атыс қаруы, тіпті арнайы тапсырыспен жасалған, алтынмен апталған АК-47 стиліндегі мылтық табылған.

Федералды шенеуніктердің мәліметінше, олар Аспен, Майами, Лондон, Бухарест және Мадрид қалаларына сауда жасау үшін ішкі және халықаралық бағыттар бойынша жеке ұшақтарды жалға алып отырған.

Cleveland басылымының хабарлауынша, прокурорлар ағайындылардың бірнеше жыл бойы құрбандарынан ақша мен мүлікті жымқырудың көптеген схемаларын жүзеге асырғанын мәлімдеді.

Солардың ішінде Зубайрдың Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бұрынғы сүйіктісі 737 000 долларынан айырылған. Тағы бір ірі алаяқтық қытайлық инвесторға қатысты болған: ағайындылар «өнеркәсіптік кешеніміз бар және бұл жерде криптовалюта бизнесін ашамыз» деп өтірік айтып, оны 18 миллион доллар шығынға батырған.

Олар мэрдің көмекшісін қымбат сыйлықтармен, түскі ас, қолма-қол ақша, «Кливленд Браунс» матчтарына VIP-ложа билеттерімен, бағалы жапондық вагю сиырының еті, сигаралармен және болашақта жоғары лауазымды жұмысқа орналастыру туралы уәделермен сатып алған.

Прокурорлардың айтуынша, Смедли бұған жауап ретінде ағайындыларға көмектесіп отырған.

Оған олардың кәсіпорындары үшін мемлекеттік қаржыландыру алуға әрекеттенді, қала билігінің ресми бланкілерін ұсынды, оларға полиция куәліктерін берді және Зубайрды Ист-Кливлендтің «халықаралық экономикалық кеңесшісі» етіп ресми түрде тағайындады деген айыптар тағылды.

Екі апталық сот талқылауынан кейін федералды алқабилер соты үшеуін де федералдық бағдарламалар бойынша пара алу мақсатында сөз байласты, электронды байланыс құралдары арқылы алаяқтық жасау үшін және Хоббс заңына сәйкес қылмыстық топ құрды деп кінәлі деп тапты.

Сонымен қатар, ағайындылар ақшаны жылыстату және мемлекеттік қаражатты ұрлаудың көптеген баптары бойынша кінәлі деп танылды. Зубайр бұған қоса салық декларациясын әдейі тапсырмағаны үшін де жауапқа тартылды.