+24

АҚШ-сыз Украина не істей алады – сарапшылар болжамы

АҚШ басшысы Дональд Трамп Украинаға келісімге келмесе, көмек көрсетуден бас тартатынын ескертті. Бұл Еуропада үлкен алаңдаушылық тудырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Associated Press басылымына сілтеме жасап.

Еуропа елдері Украинадағы соғысты бүкіл құрлықтың қауіпсіздігіне төнген қатер ретінде бағалайды. Сондықтан АҚШ көмектен бас тартқан жағдайда да Киевке әскери көмек көрсетуді жалғастыру жолдарын іздеуде.

Трамп бірнеше рет Украина президенті Владимир Зеленскийді айыптап, оның Қырымды Ресейге беруден бас тартуы соғыстың созылуына себеп болды деп мәлімдеген.

“АҚШ-тың бейбітшілік үшін жер беру” ұсынысы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық тәртіпті бұзады. Париждегі Стратегиялық зерттеулер қорының кеңесшісі Франсуа Эсбург бұл туралы:

Шекараларды күшпен өзгертуді тоқтату үшін бір кезде 60 миллион адам қаза тапты. Еуропа да, Украина да мұндай талапты қабылдамайды, — деді ол.

АҚШ-сыз Украина не істей алады?

Дипломаттар мен сарапшылар Вашингтон қолдаудан бас тартқан жағдайда болуы мүмкін сценарийлерді талқылауда. Бір нұсқа бойынша, Еуропа елдері АҚШ-тың барлау мәліметтері мен қаруын Украинаға жеткізуге тырысуы мүмкін. Алайда Трамп америкалық технологияларды тасымалдауға да тыйым салуы ғажап емес.

АҚШ көмегінен айырылу Украина үшін ауыр соққы болмақ. Киев соғысты жалғастыру үшін Еуропаның саяси ерік-жігеріне және қажетті ақша мен қаруды шұғыл табуға тәуелді болады.

Бір еуропалық дипломат:

Егер Еуропа мұны оңай істей алса, әлдеқашан Америкасыз әрекет етер еді, — деп атап өтті.

Енді қаражат қайдан табылады?

Трамп билікке келгеннен бері Украинаға арналған жаңа көмек пакеті бекітілген жоқ. Ал Киль институтының деректеріне сүйенсек, Еуропа елдері Украинаға АҚШ-тан да көп қаржылай көмек көрсеткен. Жалпы көлемі — шамамен 157 миллиард доллар, бұл Вашингтон бөлген қаржымен салыстырғанда 26 миллиард долларға артық.

Франсуа Эсбургтің айтуынша, Еуропа мұздатылған ресейлік активтерді тәркілеу арқылы қосымша қаржы таба алады. Алайда ол:

Қаржы бар болғанымен, оқ-дәрі мен қару табу әлдеқайда маңызды, — деп ескертті.

IFRI халықаралық істер институтының директоры Томас Гомардың пікірінше, Еуропаның ең үлкен қателігі — Қырғи қабақ соғыстан кейін армиясын қысқартып, 2014 жылы Қырым аннексиясына лайықты жауап бермеуі.

АҚШ қаруын Еуропа алмастыра ала ма?

Сарапшылардың айтуынша, АҚШ-тың озық қаруларын, әсіресе әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерін Еуропа жақын арада толық алмастыра алмайды. Әсіресе америкалық Patriot жүйелері Украина аспанын қорғай отырып, Ресейдің гипердыбыстық Кинжал зымырандарына қарсы маңызды рөл атқаруда.

Жақында Зеленский АҚШ-тан тағы 10 Patriot жүйесін сұраған еді, алайда Трамп бұл өтінішті қабылдамады. Ол: "Өзіңнен 20 есе қуатты елмен соғысып, кейін басқалардан қару сұрау дұрыс емес", — деді. Бұл пікірді ол Сумы қаласына жасалған шабуылдан кейін айтты. Ол шабуылдан 35 адам қаза тапқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы