21 Қыркүйек 2026, 15:15 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

АҚШ статистикасы мен БҰҰ Бас Ассамблеясы: Әлемдік нарық қандай сигнал күтеді?

Иран төңірегіндегі дипломатиялық байланыстар мұнай бағасына, ал АҚШ-тың макроэкономикалық деректері Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) келесі қадамдарына қатысты нарықтағы күтулерге әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) шолуында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Валюта нарығы

Жұма күнгі биржалық сауда қорытындысы бойынша USD/KZT жұбындағы доллар бағамы 447,08 теңгеге дейін көтеріліп, 2,17 теңгеге өсті. Бұған мұнай бағасының төмендеуі әсер етті.

Валюта нарығындағы сауда белсенділігі де артқан. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 543 млн долларды құрап, алдыңғы күнгі 455,5 млн доллармен салыстырғанда өсті.

Қауымдастықтың бағалауынша, ішкі нарықтағы шетел валютасына сұраныстың артуы импорттық төлемдер мен сыртқы міндеттемелерге қызмет көрсету қажеттілігіне байланысты болуы мүмкін. Мұндай төлемдер тоқсан соңында дәстүрлі түрде көбейеді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасында тұрақты динамика сақталды. Апталық индекс қатарынан төртінші аптада 100,0 деңгейінде қалыптасты.

Осы аптада нарық қатысушылары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы, үй шаруашылықтарының кірістері мен шығыстары, сондай-ақ кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметі туралы деректерге назар аударады.

Ақша нарығы

Өтімділік профициті жоғары болған жағдайда ақша нарығындағы құралдардың кірістілігі әртүрлі бағытта өзгерді.

TONIA мөлшерлемесі 15,90% деңгейінде сақталса, SWAP-1D кірістілігі 11,14%-дан 11,24%-ға дейін өсті. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 690,4 млрд теңгеге жетіп, 85,5 млрд теңгеге артты.

Ұлттық банктің депозиттік аукционына сұраныс 2,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 1,7 трлн теңгеге жоғары. Өтінімдер жылдық 16,25% мөлшерлемемен толық көлемде қанағаттандырылды.

Ұлттық банктің операциялары бойынша ашық позиция шамамен 8,1 трлн теңге деңгейінде сақталды.

Қор нарығы

Жұма күнгі сауда қорытындысы бойынша KASE индексі 0,04%-ға азайып, 7 855,7 пунктті құрады.

Индекстік акциялар арасында ең айқын төмендеу «ҚазТрансОйл» бағалы қағаздарында байқалды. Компания акциялары мұнай бағасының түзетілуі аясында 1,3%-ға арзандады.

Индекстің басқа да өкілдерінің басым бөлігінде өзгеріс нөлге жақын болды.

Мұнай бағасы төмендеп жатыр

Мұнай бағасы ұсыныс тапшылығына қатысты алаңдаушылықтың бәсеңдеуіне байланысты төмендеуін жалғастырды.

Жұма күні Brent маркалы мұнайдың бағасы 0,9%-ға төмендеп, барреліне 103,9 долларды құрады. Дүйсенбі таңертең баға тағы шамамен 2%-ға түсіп, 102 доллар маңында саудаланды. Бұл бір аптадан астам уақыттағы ең төменгі көрсеткіш болды.

Бағаға Сауд Арабиясы экспортының қалпына келуі және осы аптада АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысқа қатысты дипломатиялық ілгерілеу болуы мүмкін деген күтулер қысым көрсетіп отыр.

Хуситтердің шабуылдары жалғасып жатқанына қарамастан, Сауд Арабиясынан мұнай экспорты қыркүйекте тәулігіне 4 млн баррельден асып, тамыздағы 2,4 млн баррель деңгейінен қайта өсті.

Осының нәтижесінде нарық қатысушылары мұнай бағасына енгізілген тәуекел үстемесін (risk premium) біртіндеп төмендетіп жатыр. Дегенмен Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қатысты шектеулердің сақталуы мұнайдың нақты жеткізілімдеріне байланысты тәуекелдерді жоғары деңгейде ұстап отыр.

Тәуекелді активтер

Америкалық қор нарығы жұма күнгі сауданы негізінен технологиялық сектордың өсуімен аяқтады. Ал кең нарықтың динамикасы шектеулі болды.

Nasdaq индексіне жартылай өткізгіш өндірушілерінің акциялары қолдау көрсетті. Алайда АҚШ мемлекеттік облигациялары кірістілігінің жоғары болуы және ФРЖ саясатының одан әрі қатаңдатылуы мүмкін деген күтулер инвесторлардың тәуекелге деген тәбетін шектеп отыр.

Апта қорытындысы бойынша S&P 500 индексі айтарлықтай өзгермеді. Ал Dow Jones наурыз айынан бергі ең елеулі апталық төмендеуді көрсетті.

Осы аптада инвесторлар АҚШ-тағы еңбек нарығы, жылжымайтын мүлік және іскерлік белсенділік туралы деректерге, сондай-ақ америкалық мемлекеттік облигациялар аукциондарының сериясына назар аударады.

Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясы да нарықтардың назарында болады. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің қатарында Таяу Шығыс пен Украинадағы қақтығыстар бар. Иран төңірегіндегі ықтимал дипломатиялық байланыстар мұнай бағасына және тәуекелді активтерге деген жалпы сұранысқа елеулі әсер етуі мүмкін.

Қорғаныс активтері

Қорғаныс активтері нарығында әртүрлі динамика байқалды.

Геосаяси белгісіздіктің сақталуы аясында алтын бағасы 0,6%-ға өсіп, троя унциясы үшін 4 425 долларға жетті.

АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі ФРЖ мөлшерлемені жақында көтергеннен кейін 5,0% деңгейіне қайта оралды.

Ал доллар индексі айтарлықтай өзгермей, сауданы 100,2 пункт шамасында аяқтады.