АҚШ Сирия президентін терроршылар тізімінен алып тастады

Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа мен елдің ішкі істер министрі Анас Хасан Хаттабты Вашингтон терроршылар тізімінен шығарды. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап.

Мемлекеттік департаменттің мәлімдемесінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ дайындаған қарарды қабылдауы «Сирияның жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсететін маңызды саяси белгі» екені айтылған.

Жаңа сириялық үкімет президент аш-Шарааның басшылығымен америкалық із-түзсіз жоғалған азаматтарды табу, терроризм мен есірткімен күрес жөніндегі міндеттемелерін орындау, химиялық қарудың қалдықтарын жою, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ сириялықтардың өздері басқаратын инклюзивті саяси процеске ықпал ету бағытында жұмыс жүргізіп жатыр, — деп түсіндірді Мемлекеттік департамент.

10 қарашада Сирияның уақытша президенті АҚШ-қа алғашқы ресми сапар жасамақ. Кездесу кезінде ол Ақ үй басшысы Дональд Трамппен келіссөздер өткізіп, АҚШ жетекшілік ететін "Ислам мемлекетіне" (Қазақстан аумағында тыйым салынған ұйым — ред.) қарсы коалицияға қосылу туралы келісімге қол қоюы күтіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Mohammed Badra/EPA/TACC
Өзгелердің жаңалығы