АҚШ шабуылы Ирандағы наразылықтарды қайта тұтатуы ықтимал – Reuters
Иран басшылығы АҚШ тарапынан жасалуы мүмкін соққы ел ішінде жаңа жаппай наразылықтар туғызып, биліктің тұрақтылығына қауіп төндіруі ықтимал деп алаңдайды. Бұл туралы Reuters агенттігі қазіргі және бұрынғы алты ирандық шенеунікке сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Дереккөздердің айтуынша, қаңтар айында болған қанды қуғын-сүргіннен кейін қоғамдағы ашу-ыза бұрынғыдан күшейіп, халықтың қорқынышы әлсіреген. Жоғары деңгейдегі кездесулер барысында бұл жағдай жоғарғы көшбасшы аятолла Әли Хаменейге жеткізілген.
Шенеуніктердің пікірінше, АҚШ-тың шектеулі соққысы секілді сыртқы қысым наразылық білдірушілерге батылдық беріп, саяси жүйеге орны толмас зиян келтіруі мүмкін. «Қорқыныш қабырғасы құлады. Адамдар қауіпсіздік күштеріне қарсы тұруға дайын», – деді дереккөздердің бірі.
Reuters мәліметінше, Иран билігі шетелдік қысым мен ішкі наразылықтың қатар күшеюі жағдайды ушықтырып, жаңа зорлық-зомбылыққа әкелуі мүмкін деп санайды. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты бірқатар әскери нұсқаларды қарастырып жатқанын айтқан болатын.
Сарапшылардың пікірінше, экономикалық дағдарыс, саяси қысым, әлеуметтік теңсіздік пен сыбайлас жемқорлық қоғамдағы наразылықты одан әрі тереңдетіп отыр. Ал кез келген сыртқы соққы бұл процестерді жылдамдатуы мүмкін.