Бүгiн 2026, 06:50 Фото: depositphotos.com

АҚШ Сенаты Иранмен соғысты тоқтатуға шақыратын қарар қабылдады

Қарар мәтінінде АҚШ президенті Дональд Трампқа «Америка Құрама Штаттарының қарулы күштерін Иран Ислам Республикасына қарсы әскери әрекеттерден шығаруды» ұсыну қажеттігі атап көрсетілген. Бұл талап әскери іс-қимылдар Конгресс тарапынан мақұлданбаған жағдайда, сондай-ақ америкалық күштердің қатысуы АҚШ пен оның одақтастарын шабуылдан қорғау үшін қажет болмаған кезде қолданылуы тиіс.

АҚШ Конгресінің Сенаты Вашингтон әкімшілігін Иранға қарсы әскери іс-қимылдарды тоқтатуға үндейтін қарар қабылдады. Бұл туралы Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлады.

Құжатты 50 сенатор қолдаса, 48-і қарсы дауыс берді. Биліктегі Республикалық партияның төрт мүшесі қарарды қолдап дауыс берген. Ал демократтар қатарынан тек бір сенатор ғана қарсы шықты. Осыған ұқсас құжат маусым айының басында Конгрестің Өкілдер палатасында да мақұлданған болатын.

Аталған қарар Конгрестің әр палатасында жеке қабылданатын құжат саналады. Оның заңдық күші жоқ және тек ұсынымдық сипатқа ие. Мұндай құжаттар арқылы заң шығарушылар өз ұстанымдарын білдіреді. Ал АҚШ-тың атқарушы билігі бұл ұсыныстарды орындамауға құқылы.

Қарар мәтінінде АҚШ президенті Дональд Трампқа «Америка Құрама Штаттарының қарулы күштерін Иран Ислам Республикасына қарсы әскери әрекеттерден шығаруды» ұсыну қажеттігі атап көрсетілген. Бұл талап әскери іс-қимылдар Конгресс тарапынан мақұлданбаған жағдайда, сондай-ақ америкалық күштердің қатысуы АҚШ пен оның одақтастарын шабуылдан қорғау үшін қажет болмаған кезде қолданылуы тиіс.

АҚШ Конституциясына сәйкес, соғыс жариялау құқығы президентке емес, Конгреске тиесілі. Соған қарамастан, соңғы онжылдықтарда АҚШ президенттері шетелде әскери күш қолдануға қатысты берілген өкілеттіктерді кеңінен түсіндіріп, жаңа әскери операцияларды бастауға пайдаланып келген.

Бұған дейін Вашингтон мен Тегеран барлық бағыттардағы, соның ішінде Ливандағы әскери қимылдарды дереу тоқтатуды көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді.

21 маусым күні Бюргеншток қаласында Катар мен Пәкістанның делдалдығымен АҚШ пен Иран өкілдерінің меморандумды жүзеге асыру мәселесіне арналған келіссөздері өтті. Кездесу қорытындысы бойынша жарияланған Катар мен Пәкістанның бірлескен мәлімдемесінде тараптар арасындағы алғашқы келіссөздердің оң әрі сындарлы жағдайда өткендігі айтылды. Сонымен қатар алдағы техникалық келіссөздерді өткізуге негіз қаланғаны және елеулі ілгерілеуге қол жеткізілгені атап өтілді.