АҚШ-тағы сайлау қарсаңында Трамп: Иранға ауыр соққы жасауға тура келуі мүмкін
Трамптың сөзінше, АҚШ мәселені дипломатиялық жолмен шешуге мүмкіндік беріп отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери соққыларды қайта бастау мүмкіндігін жоққа шығармады. Бұл туралы ол 1 қарашада Айова штатында өткен сайлауалды митингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Трамптың айтуынша, Вашингтон әзірге Тегеранмен арадағы мәселені дипломатиялық жолмен шешуге мүмкіндік беріп отыр. Алайда келіссөздер нәтиже бермесе, АҚШ әскери күш қолдануы мүмкін.
Иранмен мәселені әлі аяқтамаған себебім – жұмсақтық танытқым келеді. Мүмкіндігінше адамдардың өмірін сақтап қалғым келеді. Бірақ белгілі бір сәтте оларға ауыр соққы жасауға тура келуі мүмкін, – дейді АҚШ президенті.
Сонымен қатар Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескенін растады. Әңгіме барысында Иран мәселесі талқыланған.
Axios басылымының мәліметінше, Нетаньяху Трампты 3 қарашада өтетін АҚШ Конгресі сайлауынан кейін Иранға әскери соққы жасауға шақырған. Алайда Ақ үй басшысы әзірге келіссөздерді жалғастыруды жөн көріп отыр.
Ал The Atlantic басылымы Пентагон АҚШ президентіне Иранға қарсы бірнеше әскери операцияның нұсқасын ұсынғанын жазды. Олардың қатарында бірнеше сағатқа, бірнеше күнге және бірнеше аптаға созылатын шабуылдар бар. Әскери нысаналармен қатар Иранның ядролық инфрақұрылымына соққы жасау мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Бұған дейін Associated Press агенттігі АҚШ билігі Таяу Шығыстағы бірқатар елге сайлаудан кейін әскери қақтығыстың қайта күшеюі ықтимал екенін ескерткенін хабарлаған.
Иран да Вашингтонның мәлімдемелеріне жауап берді. Ел армиясының өкілі Мұхаммед Акраминя жаңа соғыс басталса, оның бұрынғы қақтығыстан ұзаққа созылуы мүмкін екенін айтты.
Болашақтағы соғыс бұрынғы қақтығыстан ұзаққа созылуы мүмкін. Ал АҚШ президенті оның қашан және қандай жағдайда аяқталатынын жалғыз өзі анықтай алмайды, – дейді ол.
Қазір Катардың арағайындығымен АҚШ пен Иран арасындағы тікелей келіссөздерді қайта бастау әрекеттері жалғасып жатыр. Алайда тараптар әзірге келісімге келген жоқ.