АҚШ Сауд Арабиясына 9 млрд долларға зымыран cатуға келісті
АҚШ Мемлекеттік департаменті Сауд Арабиясына жалпы құны 9 млрд доллар болатын Patriot зениттік-зымыран кешеніне арналған зымырандарды сату мүмкіндігін мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы АҚШ Қорғаныс министрлігіне қарасты Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық агенттігінің (DSCA) хабарламасында айтылған.
Хабарламаға сәйкес, АҚШ Мемлекеттік департаменті Сауд Арабиясына PAC-3 MSE зымырандарын және оларға қатысты қосымша жабдықтарды шамамен 9 миллиард долларға сатуға байланысты ықтимал келісімді бекіткен.
Аталған сатылым Сауд Арабиясының қазіргі және болашақ қауіп-қатерлерге қарсы тұру мүмкіндігін арттырып, оның әуе шабуылына және зымырандарға қарсы қорғаныс әлеуетін күшейтеді деп көрсетілген. Келісім аясындағы негізгі мердігер ретінде Lockheed Martin компаниясы белгіленеді.
Сондай-ақ хабарламада бұл сатылым НАТО құрамына кірмейтін, бірақ «маңызды одақтас» саналатын елдің қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететіні, сонымен бірге АҚШ-тың сыртқы саяси және ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қолдайтыны атап өтілген.