10 Қазан 2026, 13:49 Фото: istockphoto.com

АҚШ Ресей отынын жеткізуге қатысты санкцияларды уақытша жеңілдетті

Трамптың мәлімдеуінше, Ресей бірнеше кезеңмен миллиондаған тонна дизель жеткізеді. АҚШ бұл шешім жанармай бағасын төмендетуге ықпал етеді деп күтеді.

Ресей әлемдік нарыққа 300 мың тонна дизель отынын жеткізуге келіскеннен кейін АҚШ санкциялық шектеулерді уақытша жеңілдетті. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп жазады Reuters.

Трамптың айтуынша, алдағы уақытта жанармай жеткізу көлемі артады. Мұндай шешім дизель отыны бағасының өсуіне байланысты қабылданған. Дизель ауыл шаруашылығында, тұрғын үйлерді жылытуда және жүк тасымалында кеңінен қолданылады.

Бұған дейін АҚШ-тың 47-президенті Ресей президенті Владимир Путинмен сәтті әңгімелескенін мәлімдеген еді. Трамптың сөзінше, Ресей бірден 300 мың тоннадан астам дизель жеткізеді. Қараша айында тағы 500 мың тонна, одан кейін 1 миллион тонна отын жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар Ресей мұнай өңдеу зауыттарының жағдайына қарай, жақын арада қосымша 3 миллион тонна жанармай жеткізілуі мүмкін.

Ормуз бұғазын толық бақылауымыз және Ресейден энергия ресурстарына қатысты осындай маңызды жаңалықтың арқасында америкалықтар мен бүкіл әлем үшін дизель бағасы рекордтық қарқынмен әрі тез төмендейді! – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Оның айтуынша, жанармай бағасының төмендеуі, әсіресе, фермерлер, мал шаруашылығымен айналысатындар мен жүк көліктерінің жүргізушілері үшін маңызды. Бұл – оның әкімшілігінің басты басымдықтарының бірі.

Жанармай бағасына қатысты жағдайдың АҚШ ішкі саясатында да маңызы бар. 3 қарашада елде Конгреске аралық сайлау өтеді. Оның нәтижесіне қарай республикашылдардың Конгрестің қос палатасындағы көпшілігін сақтап қалу мүмкіндігі айқындалады.