Бүгiн 2026, 04:34 Фото: Reuters

АҚШ Рауль Кастро мен Кубаның бес азаматына айып тақты

Куба президенті Мигель Диас-Канель X әлеуметтік желісіндегі жазбасында Кастроға қарсы айыптарды "ақылға қонымсыз" әрі "саяси астары бар" деп атады.

АҚШ билігі Кубаның бұрынғы президенті Рауль Кастроға ресми айып тағып, оны 1996 жылы екі ұшаққа жасалған шабуыл ісі бойынша АҚШ азаматтарын өлтіру мақсатындағы қастандықпен байланыстырды.

Біз оның мұнда өз еркімен келуін немесе басқа жолмен жеткізіліп, түрмеге қамалуын күтеміз, – деді АҚШ бас прокурорының міндетін атқарушы Тодд Бланш Майамиде өткен баспасөз мәслихатында.

ВВС мәліметінше, айыптар 1996 жылғы оқиғаға байланысты тағылған. Ол кезде кубалық жойғыш ұшақтар Brothers to the Rescue гуманитарлық ұйымына тиесілі екі ұшақты атып түсіріп, салдарынан төрт адам қаза тапқан. Сол уақытта Қарулы күштер министрі қызметін атқарған Кастро ұшақтарды жою және төрт адамды өлтіру ісі бойынша айыпталып отыр. Сонымен қатар ұшақтарды атып түсірген әскери-әуе күштерінің ұшқыштарын қоса алғанда, Кубаның тағы бес азаматына айып тағылды.

Егер кінәсі дәлелденсе, Кастро өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Куба президенті Мигель Диас-Канель X әлеуметтік желісіндегі жазбасында Кастроға қарсы айыптарды "ақылға қонымсыз" әрі "саяси астары бар" деп атады. Сондай-ақ ол Кубаның бұрынғы президентін Латын Америкасы мен бүкіл әлемде «көтеріліс қолбасшысы және мемлекет қайраткері» ретінде құрметтелетін қаһарман деп сипаттады.

Бұл – ешқандай заңды негізі жоқ саяси шешім. Оның мақсаты – АҚШ-тың Кубаға әскери шабуыл жасау туралы ақылға сыймайтын идеясын ақтау үшін қолдан жасап жатқан іс материалдарын толықтыру ғана, – деп жазды Диас-Канель.

АҚШ президенті Дональд Трамп үкіметтің бұл шешімін қолдағанымен, қақтығысты ушықтырудың қажеті жоқ екенін айтты.

Меніңше, бұл өте маңызды сәт болды, – деді Трамп журналистерге. – Ешқандай эскалация болмайды. Бұған қажеттілік көріп тұрған жоқпын. Қараңыздаршы, ол жақта бәрі күйреп жатыр.