АҚШ Қытаймен сауда келіссөздерін жаңғыртқысы келеді

Бейжің АҚШ тарапынан сауда келіссөздерін бастауға ниет білдірген белгілерді «бағалап жатқанын» мәлімдеді. Бұл тарифтік соғыстың ушығуы аясында риториканың жұмсарғанын білдіруі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.

АҚШ жақында Қытайға тиісті арналар арқылы бірнеше хабарлама жіберіп, келіссөздер бастауға ынталы екенін білдірді. Қазір Қытай бұл ұсыныстарды бағалап жатыр, – деп хабарлады ҚХР Сауда министрлігі.

Соған қарамастан, Қытайдың ұстанымы сол күйінде қалып отыр: Бейжің келіссөздер Дональд Трамп әкімшілігі енгізген біржақты тарифтер алынып тасталған жағдайда ғана мүмкін екенін қатаң талап етуде.  

Егер олар келіссөз жүргізгісі келсе, шынайылық танытып, өз қателіктерін түзеулері керек, – деді Қытай Сауда министрлігінің өкілі.

Бұған дейін Трамп Қытаймен диалог жүріп жатқанын айтқан болатын, алайда Бейжің бұл мәлімдемені жоққа шығарды. Осы кезде екіжақты экономикалық қысым күшейе түсті: АҚШ Қытай өнімдеріне салынатын кедендік баж салығын 145%-ға дейін көтерді, Қытай жауап ретінде 125%-ға дейін тарифтер енгізді.

Нәтижесінде әлемнің екі ең ірі экономикасы арасындағы сауда көлемі күрт қысқарды. Қытайдағы өндірістік белсенділік сәуір айында соңғы 16 айдағы ең төменгі деңгейге түсті. JPMorgan екінші жартыжылдықта АҚШ-қа Қытай импортының 75-80%-ға қысқаратынын болжауда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы