АҚШ Қытайдан келетін кейбір тауарларға салынған баж салығын төмендетуі мүмкін
АҚШ Қытайдан келетін кейбір тауарларға салынған баж салығын төмендетуі мүмкін. Бұл шешім Қытай фентанил өндірісінде қолданылатын химиялық заттардың экспортын бақылауды күшейтсе ғана қабылданады, деп хабарлайды BAQ.KZ The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасап.
Мәселе АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин арасындағы келіссөздерде талқыланбақ.
Егер Қытай фентанил өндіруге арналған химиялық қосылыстардың экспортын шектесе, АҚШ кейбір баждарды азайтады, - делінген WSJ хабарламасында.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, Пекин экспорттық бақылауды күшейткен жағдайда, Вашингтон баж салығын 20%-дан 10%-ға дейін төмендетеді. Бұл ретте Қытай тауарларына арналған жалпы тариф деңгейі 55%-дан 45%-ға дейін азаюы мүмкін.
Келіссөздер барысында тараптар порттық төлемдер, жоғары технологиялық өнімдердің экспортына шектеулер және экономикалық қауіпсіздік мәселелерін де талқылайды. Сонымен қатар, ФБР директоры Кэш Пател фентанил мәселесін талқылау үшін Бейжіңге баруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент Вашингтон Қытайға қарсы 100 пайыздық баж салығын енгізуден бас тартуы мүмкін екенін айтқан болатын. Оның айтуынша, екі ел жаңа сауда келісімінің маңызды бөліктері бойынша өзара түсіністікке келген.