АҚШ Қырымды Ресейдің жері ретінде мойындауға дайын — Bloomberg

АҚШ Қырымды Ресей аумағы ретінде мойындауға дайын. Бұл қадам Мәскеу мен Киев арасындағы кең ауқымды бейбіт келісім аясында қарастырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттік дереккөздерінің айтуынша, бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамптың атысты тоқтату жөнінде келісімге келуге ұмтылып отырғанын көрсетеді. Бұған дейін, 18 сәуірде, Трамп пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио тараптар келісімге келмесе, АҚШ бұл үдерістен шығуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Bloomberg атап өткендей, Қырымды мойындау халықаралық құқық пен келісімдерге қайшы келеді.

Бұл қадам күш қолдану арқылы аумақ басып алуға тыйым салатын халықаралық заңдар мен келісімдерді бұзуы мүмкін. Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Қырым мен басқа да аумақтардан ешқашан бас тартпайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Ал Қырымның мойындалуы Ресей президенті Владимир Путин үшін үлкен жеңіс болар еді. Ол Ресейдің Қырымдағы егемендігін халықаралық деңгейде мойындатуға ұзақ уақыттан бері тырысып келеді, — делінген мақалада.

Дегенмен, басылымның хабарлауынша, бұл мәселе бойынша нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Келіссөздерге қатысып жатқан АҚШ шенеунігі Қырымды мойындау мүмкіндігіне қатысты пікір білдіруден бас тартқан.

Бұған дейін Bloomberg АҚШ-тың одақтастарына Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісімге қатысты ұсыныстар жолдағанын жазған. Ол ұсыныстарға мыналар кірген: Ресейдің Украинамен соғыс кезінде басып алған аумақтарын бақылауда қалдыру, Мәскеуге қарсы санкцияларды жеңілдету және Украинаның НАТО-ға кіру ұмтылысын күн тәртібінен алу.

Еуропалық бір шенеунік агенттікке берген сұхбатында: «Еуропа елдері Украинадан тартып алынған аумақтарды Ресейдің жері ретінде ешқашан мойындамайды, — деген.

Айта кетейік, Қырымды Ресейдің аумағы ретінде әлем елдерінің басым бөлігі мойындаған жоқ. Донбасс республикалары, сондай-ақ Ресей 2022 жылдың күзіне қарай «референдум» арқылы өзіне қосып алған Херсон мен Запорожье облыстары да халықаралық деңгейде мойындалмаған. Мәскеу бұл мәселелердің жабық екенін айтса, Киев өз жерін қайтарудан бас тартпайтынын бірнеше мәрте мәлімдеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: depositphotos.com
Өзгелердің жаңалығы