12 Наурыз 2026, 06:35 Фото: pexels.com

АҚШ Қорғаныс министрлігі Google-дің ЖИ агенттерін қолдана бастайды

Сегіз алдын ала әзірленген ЖИ агентін пайдалану жоспарланып отыр.

Google компаниясы Gemini негізіндегі жасанды интеллект агенттерін АҚШ Қорғаныс министрлігінің 3 миллионнан астам азаматтық және әскери қызметкері үшін енгізе бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ Gazeta.ru басылымына сілтеме жасап.

Алғашқы кезеңде ЖИ құралдары ведомствоның қорғалмаған желілерінде қолданылатын болады. Сонымен қатар тараптар құпия материалдармен жұмыс жүргізілетін жүйелерге қолжетімділікті кеңейту мүмкіндігін де талқылап жатыр.

Жоба аясында алдын ала әзірленген сегіз ЖИ агентін пайдалану жоспарланған. Олар күнделікті міндеттерді автоматтандыруға арналған. Атап айтқанда, жиналыс қорытындылары бойынша есеп дайындау, бюджеттік құжаттарды қалыптастыру және ұсынылған шешімдердің ұлттық қауіпсіздік стратегиясына сәйкестігін талдау.

Google компаниясының вице-президенті Джим Келлидің айтуынша, Пентагон қызметкерлері табиғи тілдегі мәтіндік сипаттамалар арқылы өздерінің ЖИ агенттерін де жасай алады.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың желтоқсан айынан бері ведомствоның ішкі порталында қолжетімді Gemini негізіндегі чат-ботты шамамен 1,2 миллион қызметкер пайдаланған. Осы уақыт ішінде олар шамамен 40 миллион бірегей сұраныс жіберіп, 4 миллионнан астам құжат жүктеген.

Сонымен қатар қызметкерлерді оқыту қарқыны технологияны енгізу ауқымынан әзірге артта қалып отыр. Желтоқсан айынан бері жасанды интеллектпен жұмыс істеу курстарынан шамамен 26 мың қызметкер өткен, ал болашақ оқу бағдарламаларына орындар толық толып қойған.