АҚШ-қа жұмысқа барамын дейтіндердің жолы қиындайды
Саясаттанушы Дос Көшім АҚШ-тағы жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың жағдайы қиындауы мүмкін екен айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл мәселе бұрыннан қозғалып келе жатыр. Трамп мұның алдындағы президенттік мерзімінде де, қазір де елдің ішкі жағдайына қатты көңіл бөледі. Ал АҚШ-та ең жиі қозғалатын мәселелердің бірі эмигранттар мәселесі. Ол жағынан заң қатаңдай түсетіні анық. Яғни АҚШ азаматтығын алу, ол жаққа жұмысқа тұру процесі қиындай бермей. АҚШ-қа баратындардың саны қысқарып, қойылатын талаптары күшейеді. Мұны көптеген сарапшылар жиі айтып жүр. Әрине мәселе тек Қазақстанға емес, АҚШ-қа барғысы келіп жүрген бүкіл ел азаматтарына да қатысты, - дейді Дос Көшім.
АҚШ-та туғандарға азаматтық берілмейді
Трамп кейбір шетелдіктердің бұл ережені өз балаларына азаматтық алу үшін пайдаланып жүргенін айтады.
Алайда бүгінгі таңда 22 штат АҚШ-та туғандарға азаматтық беру құқығын шектеуге қарсы шағым түсірді.
22 штаттың бас прокурорлары, сондай-ақ Сан-Франциско қаласы мен Колумбия округі АҚШ президенті Дональд Трамптың туғаннан азаматтық беру құқығын шектеу туралы жарлығын бұғаттауды талап етіп, шағым түсірді.
Президент инаугурация күні келесі айдан бастап АҚШ-та заңсыз жүрген немесе иммиграциялық емес визамен келген аналардан туған, әкелері АҚШ азаматтары немесе тұрақты резиденттері емес балалардың автоматты түрде азаматтық ала алмайтыны туралы жарлыққа қол қойды.
АҚШ аумағында туғандардың барлығына азаматтық беру құқығы Конституцияның 14-ші түзетуімен бекітілген.
Президент бір ғана қол қою арқылы 14-ші түзетуді жоя алмайды. Нүкте, – деді Нью-Джерси бас прокуроры Мэтт Платкин.
Мигранттардың құқықтарын қорғайтын Массачусетс және Нью-Гэмпширдегі бірнеше үкіметтік емес ұйымдар да Трамптың жарлығын Конституцияға қайшы деп тануды талап етті.
Олардың айтуынша, жыл сайын елде АҚШ азаматтары емес ата-аналардан 150 000 бала дүниеге келеді, ал жарлықтың жүзеге асуы оларды депортация қаупіне ұшыратуы мүмкін.
Ақ үй болса сот процесіне дайын екенін мәлімдеді.
Радикалды солшылдар халықтың басым көпшілігінің еркіне қарсы шығып, қарсылық білдіре алады немесе бізге қосылып, президент Трамппен бірге жұмыс істей алады, – деді Ақ үйдің баспасөз хатшысының орынбасары Харрисон Филдс.
Дүйсенбі күні жарлыққа қол қоя отырып, Трамп туғаннан азаматтық алу құқығын "сұмдық жағдай" деп атады.
Бізде салмақты негіздер бар деп ойлаймыз. Бірақ, бәлкім, сіздер де дұрыс айтып отырған шығарсыздар. Көрейік, – деді Трамп.