АҚШ президенті Ливандағы қақтығысты тоқтату жөніндегі келісімді жариялады
Трамп Израиль мен «Хезболла» арасында атысты тоқтату жөнінде келісімге келгенін мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Ливандағы «Хезболла» қозғалысы арасында атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
Бұған дейін Иран Израильдің Ливандағы әскери операцияларын кеңейтуіне наразылық ретінде АҚШ-пен жүргізіліп жатқан келіссөздерді тоқтататынын хабарлаған болатын.
Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен нәтижелі әңгіме өткізгенін жазды.
Израиль премьер-министрі Биби (Биньямин) Нетаньяхумен өте нәтижелі сөйлестім. Нәтижесінде Бейрутқа ешқандай әскер кіргізілмейтіні белгілі болды, ал сол жаққа бағытталған күштердің барлығы өз орындарына орналастырылды. Сонымен қатар жоғары лауазымды өкілдер арқылы «Хезболламен» де жақсы әңгіме өтті. Олар атысты тоқтатуға келісті: Израиль оларға шабуыл жасамайды, ал олар Израильге шабуыл жасамайды, – деп жазды Трамп.
1 маусымда Иран мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ-пен келіссөздерді тоқтатқанын хабарлады. Тегеран бұл шешімді Израильдің Ливандағы әскери әрекеттерінің күшеюіне қарсылық ретінде қабылдаған.
NBC News телеарнасына берген сұхбатында Дональд Трамп Иранның бұл шешімі туралы алдын ала хабардар болмағанын айтты.
Егер олар келіссөздерді тоқтатса, онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бірақ бұл біз барлық жерге бомба тастай бастаймыз деген сөз емес. Біз блокаданы сақтаймыз. Егер олар сөйлескісі келмесе, бұл мені алаңдатпайды. Менің өзімнің де сөйлесуге аса құлқым жоқ. Біз онсыз да тым көп сөйлестік, – деді АҚШ президенті.