АҚШ пен Венесуэла арасындағы шиеленіс күшейді: Трамп әуе кеңістігін жапты
АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла үстіндегі және оның маңайындағы әуе кеңістігі кез келген ұшуға ресми түрде жабылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол бұл туралы 29 қарашада Truth Social желісіндегі парақшасында жазды.
Барлық әуе компанияларына, ұшқыштарға, есірткі тасымалдаушылар мен адам саудасымен айналысатындарға үндеу жасаймын: Венесуэла үстіндегі және оның айналасындағы әуе кеңістігі жабық, – деп жазды америкалық көшбасшы.
Соңғы айларда АҚШ Кариб аймағындағы әскери күшін айтарлықтай арттырған. БАҚ мәліметінше, мұнда америкалық әскери қызметкерлердің саны 15 мыңға дейін жеткен. Бұл – 1989 жылғы Панама операциясынан бергі аймақтағы ең ірі әскери топ. Кей сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіш тіпті 1962 жылғы Кариб дағдарысынан бергі ең жоғары деңгей болуы мүмкін.
22 қарашада АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасы Венесуэла аумағындағы әуе қозғалысы қауіптеріне қатысты жаңартылған ескерту жариялады. Құжат 2025 жылғы 21 қарашадан 2026 жылғы 19 ақпанға дейін күшінде болады және пилоттардан қауіпсіздік жағдайының нашарлауына, сондай-ақ Каракас маңындағы әскери белсенділіктің күшеюіне байланысты ерекше сақ болуды талап етеді.
Бұған қоса, АҚШ Венесуэлаға қарсы жаңа әрекеттер кезеңін дайындап жатқаны белгілі болды. Республикадағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты тамыз айының соңынан бастап жалпыұлттық мобилизация жарияланған.
Ал қазан айында Венесуэла президенті Николас Мадуро АҚШ-қа ағылшын тілінде бірнеше рет үндеу жолдап, "Соғысқа жол жоқ… Тек бейбітшілік… Бейбітшілік мәңгілік болсын!" деп бейбітшілікке шақырды.